GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Әкім аппараты
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Все материалы
ТКШ
24 октября 2026
МАҚТААРАЛДА «ЖОЛ ЖИЕГІ – ЕЛ КЕЛБЕТІ» АТТЫ ЖАППАЙ СЕНБІЛІК ӨТТІ
25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Жол жиегі – Ел келбеті» атты жаппай сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – аудан аумағындағы автомобиль жолдарының бойын таза ұстау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Мерекеге орай Мақтаарал ауданының кіреберісінде тазалық жұмыстарына қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Жиында аудан әкімі Бақыт Асанов сөз сөйлеп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі басқосуымыздың мәні ерекше. Өйткені тазалық – тек айналамызды қоқыстан арылту ғана емес, ол – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге деген жанашырлықтың және ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Мақтаарал – еңбегімен өркендеген, ынтымағы жарасқан, берекесі тасыған аудан. Ендеше, ауданымыздың тазалығы мен көркеюі жолындағы жұмыстарды да бірлесе атқаруымыз керек. Осы игі бастамаға қолдау көрсетіп, ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Бақыт Насырханұлы.
Жалпы аудан бойынша өткен сенбілікке 4 мыңға жуық адам қатысып, 25 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы күл-қоқыстан тазартылып, 28 тонна қалдық шығарылды.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында аудан аумағында 60-тан астам сенбілік ұйымдастырылып, оларға 30 мыңға жуық тұрғын қатысты. Тазалық жұмыстарына 250 арнайы техника жұмылдырылды.
Аудан аумағын көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Көктем мезгілінде 7,5 гектар жерге 15 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Ал күзгі маусымда қосымша 35 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ішкі саясат
23 октября 2026
МАҚТААРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ
25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданында «Қазақстан – туған жерім, тұғырым!» атты салтанатты мерекелік концерттік бағдарлама өтті.
Тағылымды шараның мақсаты – елдік пен бірлікті дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және тұрғындардың бойында отансүйгіштік рухты нығайту.
Мерекелік кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов сөйлеп, аудан жұртшылығын егемендігіміздің негізін бекемдеген қастерлі мерекемен құттықтады.
Ол ел дамуы жолында бірлік пен ынтымақтың, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, түрлі салаларды белсенді еңбек етіп жүрген азаматтарды мерекеге орай алғыс хатымен марапаттады.
Концерттік бағдарлама барысында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты және халықтар достығын дәріптейтін патриоттық әндер шырқалды. Атап айтқанда, Б. Мықтыбек «Қазақстан» әнін, Ж. Тағаев «Қазақтың бәрі туысқан» әнін орындады. «Жассақ» тобы «Алаш ұраны» шығармасын ұсынса, Е. Абдуловтың орындауындағы «Атамекен» әні көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Әсерлі әндер мен мазмұнды шығармалар арқылы халқымыздың тарихы, ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздіктің қадірі кеңінен дәріптелді. Сонымен қатар, ел болашағы саналатын білімді, отаншыл жастардың рөліне, қоғамдағы татулық пен түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтың маңызына баса назар аударылды.
Айта кетейік, Республика күні – мемлекеттілігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді бағалауға және ортақ мақсат жолында бірігуге үндейтін маңызды мереке. Осындай мәдени іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, туған жерге деген құрметті арттыруға ықпал етеді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ішкі саясат
22 октября 2026
МАҚТААРАЛДЫҚ ЖАСТАРДЫ ИНТЕРНЕТ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ТЕРІС ДІНИ АҚПАРАТТАРДАН САҚТАНУҒА ШАҚЫРДЫ
Бүгін Мырзакент кентіндегі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де теолог маман Медет Мұзапбарұлы Халықовтың қатысуымен «Интернет кеңістігіндегі діни ақпараттың ықпалы» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Тұрсынханов ашып, интернеттегі діни ақпараттардың, әсіресе жастардың дүниетанымына тигізетін әсерінің өзектілігін атап өтті.
Іс-шараға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, имамдар, жастар, спорт саласының мамандары және мектеп бітіруші сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында интернет кеңістігіндегі діни ақпараттарды дұрыс саралау, жалған мәліметтерден сақтану, күмәнді ақпарат көздеріне сенбеу және деструктивті діни ағымдардың ықпалына түспеудің жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ, діни сауаттылықты арттыру, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері сөз болды.
Айта кетейік, жиынның басты мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, жастарды теріс діни идеологияның ықпалынан қорғау және қоғамдағы тұрақтылық пен рухани келісімді нығайту.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
22 октября 2026
МАҚТААРАЛДА ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕРГЕ ЖАУАП БЕРУДЕГІ КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖОЮ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұловтың төрағалығымен 2026 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша азаматтардың жолданымдарын қарау және тіркеу жұмыстарының жай-күйіне арналған жиын өтті.
Жиынға аудандық дербес бөлімдердің, кенттер мен ауылдық округтердің жолданымдарды тіркеуге жауапты мамандары, сондай-ақ бөлімдерге бағынысты мекемелердің жауапты өкілдері қатысты.
Басқосуда «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен өтініштерді тіркеу, оларды белгіленген тәртіппен қарау және жауап беру барысында анықталған кемшіліктер мен заңнама талаптарының бұзылу фактілері кеңінен талқыланды.
Жиында Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының әкімшілік, жалпы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрман Әбдіқадыров баяндама жасап, азаматтардың жолданымдарымен жұмыс жүргізу барысына жүргізілген талдау мен зерделеу нәтижелерін таныстырды.
Баяндамашының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында ауданда жалпы 3 707 арыз-шағым тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,26 пайызға төмен. Талдау нәтижесінде өтініштердің басым бөлігі Атакент кентінен, сондай-ақ Ж.Нұрлыбаев пен Мақтаарал ауылдық округтерінен түскені атап өтілді. Сонымен қатар, жиын барысында жолданымдарды тіркеу мен қарау кезінде кездесетін олқылықтарға ерекше назар аударылды.
Нұрман Әбдіқадыров өтініштерді қабылдау және тіркеу тәртібін сақтау, олардың мазмұнын дұрыс айқындау, қарау мерзімдерін қатаң бақылау, өтініш иелеріне заң талаптарына сәйкес әрі нақты жауап беру мәселелеріне тоқталды.
Баяндамашы өтініштерге жауап әзірлеу барысында жіберілетін қателіктерді жеке-жеке талдап, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізу кезінде заңнама талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ, анықталған кемшіліктердің алдын алу және жолданымдармен жұмыс сапасын арттыру бағытында жауапты мамандардың кәсіби жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу мемлекеттік органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол жолданымдарды тіркеу мен қарау кезінде заң талаптарын бұзуға, белгіленген тәртіптен ауытқуға және жауап беру барысында немқұрайлылық танытуға жол берілмейтінін қатаң ескертті.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Кәсіпкерлік
21 октября 2026
🚀 «TalpynUp 7.0» - өз бизнесін дамытқысы келетін әйелдерге арналған жаңа бағдарлама!
10 қарашада әйел-кәсіпкерлерге арналған «TalpynUp» халықаралық менторлық бағдарламасының жетінші легі басталады.
Бағдарламаға қатысу сізге не береді? Бұл тек білім ғана емес, оқу барысында-ақ өз бизнесіңізде қолдануға болатын нақты құралдар. Қаржы, маркетинг пен сатылымнан бастап, бизнес-модель құруға және жасанды интеллектіні пайдалануға дейінгі бағыттарды меңгересіз.
Сонымен қатар, басқа кәсіпкер әйелдермен тәжірибе алмасып, жаңа іскерлік байланыстар орнатып, сарапшылардың қолдауына ие боласыз. Ең бастысы - сізді түсінетін, мақсаттарыңыз бен міндеттеріңізді бөлісетін және сізбен бірге дамуға дайын әйелдер қауымдастығының бір бөлігі боласыз.
Бағдарламаны Қазақстанның Бизнес-тренерлер қауымдастығы Назарбаев Университетінің Кәсіпкерлікті зерттеу орталығымен (NURCE) серіктестікте жүзеге асырады. Бұл — онлайн форматта өтетін, 6 айға созылатын жаңартылған білім беру және зерттеу бағдарламасы.
🎁 Төмендегі төрт санаттағы әйелдер үшін бағдарламаға қатысу тегін:
* көпбалалы аналар;
* балаларын өз бетінше тәрбиелеп отырған аналар;
* даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар;
* қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер.
Егер сіз өз ісіңізді дамытып, жаңа шешімдер тауып, бизнесіңіздің өсуіне жол ашатын мүмкіндіктерді көргіңіз келсе, TalpynUp 7.0 бағдарламасына назар аударыңыз!
Ал егер бұл бағдарлама сіз білетін бір әйелге пайдалы болуы мүмкін деп ойласаңыз, осы жазбаны онымен бөлісіңіз!
📲 Толық ақпарат және тіркелу: https://wa.me/77088485511
Ішкі саясат
21 октября 2026
МАҚТААРАЛДА БЕКЖАН ӘШІРБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ КЕШ ӨТТІ
Мақтаарал ауданында белгілі ақын, сазгер, журналист, ғалым-ұстаз Бекжан Әшірбаевтың жарқын бейнесін ұлықтап, артында қалған мол рухани мұрасын насихаттауға арналған тағылымды әдеби кеш өтті.
Руханият пен өнер тоғысқан тағылымды шараға аудан басшылығы, зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, әріптестері, достары, шәкірттері мен туған-туыстары қатысып, қазақ әдебиеті мен журналистикасына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың өмір жолы мен шығармашылығын еске алды.
Әдеби кештің ашылу салтанатында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов сөз сөйлеп, Бекжан Әшірбаевтың ел руханиятындағы орнына тоқталды.
«Бекжанның мезгілсіз дүниеден озуы – отбасы мен жақындары үшін орны толмас қайғы, туған жері үшін ауыр қаза, қазақ әдебиеті мен журналистикасы үшін үлкен жоғалту болды. Дегенмен, адамның ғұмыры жылдарымен емес, елге сіңірген еңбегімен, артында қалдырған асыл мұрасымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бекжанның өмір жолы – өнегеге толы ғұмыр», – деді Бақыт Насырханұлы.
Кеш барысында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының жас өнерпаздары ақынның шығармашылығы негізінде сахналық композиция ұсынды. Бүкіл қазақ жатқа айтатын «Көршінің қызы» әні өнерпаздар тарапынан шырқалды. Ал, аудандық білім бөлімінің шығармашылық орталығының дарынды оқушылары Бекжан Әшірбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын жырларының көркемдік қуатын көрерменге жеткізді.
Белгілі ақын, сазгер, фольклортанушы ғалым, ұстаз Асқар Дүйсенбі жүргізген тағылымды әдеби кеште ақынмен бірге қызмет атқарып, шығармашылық байланыста болған замандастары мен әріптестері, жақын достары және шәкірттері сөз алып, оның адамгершілік қасиеттері, азаматтық ұстанымы, өнерге деген адалдығы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Бекжан Әшірбаевтың ұзақ жылдар еңбек еткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті деканының жүрекжарды көңіл айтуын ақын Бауыржан Әлқожа жеткізді. Бұл – марқұмның білім ордасындағы еңбегіне, ұстаздық қызметіне және әріптестері арасындағы беделіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Елге белгілі ақын-жазушылар Темірғали Көпбаев, Мұхтар Құралұлы, Ермахан Әбдіраман және Сәкен Сыбанбай ақынға арнаған жырларын оқып, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерін ортаға салды. Олар Бекжан Төребекұлының әдеби ортадағы өзіндік орнын, шығармашылық ізденісін және айналасына сыйлы болған азаматтық келбетін сөз етті. Сондай-ақ, ақынның дос-жолдастары Бекмұрат Анарбаев, Айдар Сейдәзім, Бөрібай Оразымбет пен Күлайна Сәрсенова да өз арнауларын оқып, жырдан шашу шашты. Жылы естеліктер мен жүректен шыққан өлеңдер кештің мазмұнын байытып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.
Қазақтың айтыс өнерінің белгілі өкілдері Бекарыс Шойбеков, Тұрар Тілеулиев және Еркебұлан Қайназаров домбырамен жыр төгіп, Мақтаарал аспанын әсем әуенге бөледі. Сөз өнері мен ұлттық музыканың үндестігі кештің рухани маңызын арттыра түсті. Әдеби кеште ақынның шығармашылық әлемі қайта жаңғырып, оның екінші өмірі басталғандай күй берді.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, эстрада жұлдызы Саят Медеуовтің өнер көрсетуі болды. Ақынның досы ретінде сахнаға шыққан әнші Бекжан Әшірбаевтың өзі шығарған әндерін және сүйіп тыңдайтын әуезді шығармаларын орындады. Сондай-ақ, ақынынның туған жеріне деген ыстық сезімін білдіретін «Мақтааралым – мақпал әнім» әні де көрерменнің қошеметіне бөленді. Әсем әндер ақын рухына арналған тағзымға айналып, көрерменнің көңілін толқытты.
Шара барысында Бекжан Әшірбаевтың тек ақын әрі сазгер ғана емес, журналистика саласында абыройлы еңбек еткен, ұстаздық жолда талай жастың қанатын қатайтқан, айналасына сыйлы болған азамат екені кеңінен айтылды. Оның әр салада қалдырған ізі – бір адамның өмір жолы арқылы тұтас бір дәуірдің рухани тынысын танытатын құнды мұра.
Жиын соңында Бекжан Әшірбаевтың анасы осындай тағылымды шараны ұйымдастырғаны үшін аудан әкімдігіне, баласының дос-жолдастарына және еске алу кешіне арнайы қатысып, құрмет көрсеткен барша азаматқа алғысын білдірді. Ана жүрегіндегі сағыныш пен перзентіне деген мақтаныш сезімі кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
21 октября 2026
МАҚТААРАЛДА 2027 ЖЫЛДАН БАСТАП ЕНГІЗІЛЕТІН А ЖӘНЕ В САНАТТАРЫ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
2026 жылғы 20 қазанда «Мақтаарал» аудандық мәдениет үйінің ғимаратында 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде азаматтардың мұқтаждық қағидатын қолдану және Отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін түсіндіруге арналған ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов төрағалық еткен маңызды жиынға Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы қатысып, әлеуметтік саясаттағы өзгерістер мен алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды.
Жиынның басты мақсаты – 2027 жылдан бастап енгізу жоспарланған әлеуметтік қолдау тетіктерінің мәнін түсіндіру, азаматтардың нақты әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде мұқтаждық қағидатын басшылыққа алудың маңыздылығын жеткізу және мемлекеттік көмектің халыққа тиімді әрі атаулы түрде көрсетілуін қамтамасыз ету.
Кездесу барысында Отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Аталған құрал отбасының әлеуметтік жағдайы туралы қолда бар мәліметтер негізінде азаматтардың қажеттіліктерін анықтауға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды уақтылы байқауға және оларға тиісті мемлекеттік қызметтер мен көмектерді ұсыну мүмкіндіктерін қарастыруға бағытталған. Бұл ретте әлеуметтік қолдау көрсету барысында әр отбасының нақты жағдайын жан-жақты қарастыру, деректердің дұрыстығын ескеру және азаматтардың әлеуметтік мәселелерін назардан тыс қалдырмау қажеттігі атап өтілді.
Жиында жергілікті жерлерде зерделеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Тиісті мекемелердің өзара іс-қимылын үйлестіру, халықпен тұрақты байланыс орнату, әлеуметтік жағдайы күрделі отбасыларды анықтау және олардың мәселелерін қолданыстағы заңнама аясында шешу жолдарын қарастырудың маңыздылығы айтылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштері мен қажеттіліктерін ескеру, сондай-ақ көмек көрсетудің тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Мұқтаждық қағидатын қолдануда әлеуметтік жағдайды әділ бағалау, нақты деректерге сүйену және мемлекеттік қолдаудың шын мәнінде қажеттілігі бар азаматтарға бағытталуы маңызды екені атап көрсетілді.
Жиын барысында жауапты мекемелерге халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, Отбасының цифрлық картасының қызметі мен мүмкіндіктерін тұрғындарға кеңінен таныстыру, отбасылардың әлеуметтік жағдайын объективті бағалау және жергілікті жерлерде зерделеу жұмыстарын сапалы ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берілді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
Сәулет және қала құрылысы
Экономика және қаржы
20 октября 2026
МАҚТААРАЛДА ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ МЕН ОТБАСЫ САНАТТАРЫН ӨЗЕКТЕНДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мақтаарал ауданында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысы мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланған жиын өтті.
Аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аппараттың бөлім басшылары, дербес бөлімдердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – белгіленген индикаторлардың орындалу деңгейін саралау, жоспарлы межеден ауытқудың себептерін анықтау және тиісті бағыттар бойынша жұмысты жандандыру болды. Осы ретте жауапты бөлім басшыларына көрсеткіштердің орындалу барысын жан-жақты талдап, қалыптасқан жағдайды тұрақтандыруға бағытталған нақты шараларды қарастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің тұрақты орындалуы ауданның әлеуетін арттыруда, экономикалық белсенділікті қолдауда және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан, әрбір бағыт бойынша жүйелі мониторинг жүргізу, жоспарланған жұмыстардың тиімділігін бағалау және анықталған мәселелерді уақытылы шешу қажеттігі күн тәртібінен түскен жоқ.
Жиын барысында Мақтаарал ауданы бойынша отбасыларды әлеуметтік жағдайына қарай санаттарға бөлу және олардың деректерін өзектендіру мәселесі де қаралды. Атап айтқанда, «Д» және «Е» санатындағы отбасылардың санын азайту, сондай-ақ «А» және «В» санатындағы отбасылар туралы мәліметтерді нақтылау бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі мақсаты – әр отбасының нақты әлеуметтік жағдайын зерделеу, қолданыстағы мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз ету және көрсетілетін әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру. Осыған байланысты отбасылардың санаттарын өзектендіру кезінде деректердің дәлдігіне, әлеуметтік жағдайды объективті бағалауға және тиісті ақпараттың уақытылы жаңартылуына басымдық берілуі тиіс. Бұл өз кезегінде қолдауды қажет ететін азаматтарды анықтауға, олардың мәселелерін саралауға және әлеуметтік саясат шараларын нақты қажеттіліктерге сәйкес ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында қаралған мәселелер бойынша жауапты бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысты сапалы үйлестіруі, белгіленген көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауы және отбасылардың әлеуметтік санаттарына қатысты мәліметтерді нақтылау бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
ТКШ
20 октября 2026
МАҚТААРАЛДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтің төрағалығымен 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысына арналған жиын өтті.
Жиынға ауданның тиісті бөлім басшылары, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының өкілдері, сондай-ақ газ шаруашылығы мекемелерінің жауапты мамандары қатысты.
Күн тәртібінде аудан аумағындағы әлеуметтік нысандардың алдағы қысқы кезеңге дайындығы, жылыту жүйелерінің техникалық жағдайы, қазандықтар мен газ жабдықтарының қауіпсіз пайдаланылуы және жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Анарбеков жылыту маусымына дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері мен мәдениет нысандарының жылумен тұрақты қамтамасыз етілуіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, жауапты мекемелердің қысқы кезеңге әзірлігін пысықтау, жылыту жүйелеріндегі ақаулардың алдын алу, анықталған кемшіліктерді жедел жою және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтау мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына жылу маусымына дайындық жұмыстарын толық аяқтау, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
14 октября 2026
Мақтаарал ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша конкурс қорытындыланды

2026 жылғы 29 қыркүйекте Мақтаарал ауданы аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдауды жүзеге асыратын нарық қатысушыларын айқындау жөніндегі конкурс нәтижелері.

Конкурс нәтижесінде 11 лот бойынша төмендегі мекемелер жеңімпаз деп танылды:

* №1 лот (Мырзакент кенті) – «Мырзакент-2020» ЖШС;
* №2 лот (Атакент кенті) – «АгроНұрЕламан» АШӨК;
* №3 лот (Жаңажол ауылдық округі) – «Мырзакент-2020» ЖШС;
* №4 лот (Еңбекші ауылдық округі) – «Азиз» ЖК;
* №5 лот (Иіржар ауылдық округі) – «Азиз» ЖК;
* №6 лот (Бірлік ауылдық округі) – «Азиз» ЖК;
* №7 лот (Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі) – «АКОО» ЖШС;
* №8 лот (Достық ауылдық округі) – «АКОО» ЖШС;
* №9 лот (А.Қалыбеков ауылдық округі) – «АКОО» ЖШС;
* №10 лот (Жамбыл ауылдық округі) – «АгроНұрЕламан» АШӨК;
* №11 лот (Мақтарал ауылдық округі) – «АгроНұрЕламан» АШӨК.

Конкурс қорытындысына сәйкес, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің аппараттарына жеңімпаздармен заңнама талаптарына сәйкес келісімшарттар жасасу тапсырылды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы