GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Әкімшілік-экономикалық бөлімі
11 сентября 2026
ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫНА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫНА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ

Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.

Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:

- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;

- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;

- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;

- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;

- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;

- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;

- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.

Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.

Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.

Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.

«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.

Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz

Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

 

Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА 200 ОРЫНДЫҚ ЕКІ ЗАМАНАУИ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Білім күнінде Ордабасы ауданында екі жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Төрткүл ауылдық округіндегі 200 орындық «Төрткүлтөбе» жалпы білім беретін мектебі және Ынтымақ елді мекеніндегі Сұлтан Ысқақов атындағы негізгі орта мектептің 200 орындық жаңа ғимараттары ел игілігіне тапсырылды.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, ұстаздар, ата-аналар мен тұрғындар қатысты. Жиын барысында аудан әкімі Азат Оралбаев ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекеттің келешегі – білімді әрі тәрбиелі ұрпақтың қолында. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Биыл ауданымызда екі жаңа типтік мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ауыл балалары үшін сапалы білім алуға жасалған маңызды мүмкіндік, – деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында мектеп директорларына жаңа ғимараттардың кілттері табысталды. Ауыл ақсақалдары жаңа білім ұясының лентасын қиып, ауыл балаларына заманауи мектепте білім алуға мүмкіндік жасалғанына ризашылықтарын білдіріп, ұстаздар мен оқушыларға ақжолтай тілектерін жеткізді.
«Төрткүлтөбе» жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған. Бұған дейін оқушылар ыңғайластырылған ғимаратта білім алып келсе, енді заман талабына сай жаңа мектепте оқитын болады.
Жаңа білім беру нысандары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттерімен қатар информатика, биология кабинеттері, зертханалар, еңбек және шығармашылық бағыттағы сыныптар, тігін шеберханалары мен спорт залдары қарастырылған.
Жаңа оқу жылында қос білім ошағында оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалып, білім ордаларының материалдық-техникалық базасы нығая түсті.
Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданында 77 мектепте 37 962 оқушы білім алуда. Сонымен қатар аудандағы 61 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 8 700 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткен.
Ауданда білім беру нысандарын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңа мектептер салу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА БІЛІМ КҮНІНДЕ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде білім күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтуде. Меркелік шара Жетісай ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жаңа мектептің лентасы қиылды.
Абай ауылдық округіне қарасты Алтын кемер елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласын дамыту, оңтайландыру тапсырмасын жүзеге асыру аясында бой көтерген 200 орындық мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «ӘДІЛЕТ» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, ауыл тұрғындары, зиялы қауым өкілдері қатысып, ұстаздар мен оқушыларды қатар келген қос қуаныштарымен құттықтады.
Бұған дейін кеңестік заманда салынған ыңғайластырылған ескі ғимаратта оқыған ауыл балалары енді заман талабына сай толық жабдықталған зәулім ғимаратта білім алатын болады. Мұнда ұстаздар мен оқушыларға арналған заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт және медициналық кабинеттер, бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін білім ұясында оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілетін болады.
– Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан білім беру саласындағы ауқымды жобалар әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технологиялар заманында ауыл балалары да ғылым мен білімнен шет қалмауы керек. Жасалып жатқан реформаларды уақытылы меңгеріп, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек ететін ұлтжанды тұлға болып қалыптасулары тиіс. Бұл бағытта ұстаздар қауымына артылар сенім үлкен, – деген Нұрбол Әбдісаттарұлы жұртшылықты жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс тіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіз әрі ыңғайлы ортада білім алып, жұмыс істеулерін қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес №57 «Сарыарқа» мектебінің құрылысы жүргізілуде. 2 мектепке реновация жұмыстары, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын.
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ТАРИХИ БАР МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майлыкент ауылдық округіне қарасты Қараағашты ауылында орналасқан Дауан атындағы жалпы білім беретін мектебінің 150 орындық заманауи қосымша ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев, білім саласының ардагерлері, ауыл ақсақалдары, мектеп ұжымы, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі Асқар Естібаев ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, білім мен тәрбие мәселесінің маңыздылығына тоқталды.
– Білім беру – тек пәндік біліммен шектелмейді. Мектептің басты міндеті – білімді, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, ұстаз болу, ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті миссия. Сондықтан бүгінгі оқушының білімі мен тәрбиесі – ертеңгі Қазақстанның келбеті, – деген аудан әкімі қазіргі таңда білім саласына қойылатын жаңа міндеттерге тоқталып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізудің маңызын атап өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Асқар Естібаев мектеп директорына жаңа ғимараттың кілтін табыстап, ауыл ақсақалдарымен бірге нысанның салтанатты лентасын қиды. Алғашқы қоңырау соғылып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер қызыл кілеммен жүріп өтті. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа биыл 31 оқушы қабылданды.
Дауан атындағы мектептің тарихы тереңде жатыр. Білім ордасы 1927 жылы ашылған. Ал негізгі ғимараты 1977 жылы пайдалануға берілген. Ғасырға жуық тарихы бар мектептен талай шәкірт түлеп ұшып, ел дамуына өз үлесін қосып келеді.
Мектеп ұжымының білім саласындағы жетістіктері де жоғары. 2025-2026 оқу жылында білім ордасын 19 оқушы тәмамдады. Олардың 3-еуі «Алтын белгі» иегері атанса, 1 түлек үздік аттестатқа ие болды. 11 түлек мемлекеттік грантқа, 2 оқушы ректорлық грантқа қол жеткізді.
Қазіргі таңда мектепте 46 педагог қызмет атқарады. Жаңа оқу жылында білім ордасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруді жалғастырады.
 
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
ТҮРКІСТАНДА ҚАЗЫБЕК БИ АТЫНДАҒЫ №14 МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА ОҚУ ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
1 қыркүйек – Білім күні Түркістан қаласында орналасқан Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің 540 орындық жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аталған білім ұясында өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, оқушылармен бірге жаңа оқу жылын қарсы алды. Қала әкімі білім беру саласын дамыту, мектеп инфрақұрылымын жаңарту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау – ел болашағына бағытталған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Сондай-ақ ұстаздарға кәсіби ізденіс пен сапалы білім беруде табыс, ал оқушыларға білім жолында биік нәтижелер тіледі.
Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің алғашқы ғимараты 2000 жылы «Асар» әдісімен салынған. 25 жылдан астам уақыт ішінде білім ордасында мыңдаған оқушы білім алды. Соңғы жылдары мектептегі оқушы санының 500-ден асуына байланысты білім алушыларға қолайлы жағдай жасау және оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру мақсатында мектеп инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа мектеп ғимаратының құрылысы 2024 жылы басталды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, биыл жаңа оқу жылына орай 540 орындық жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.
Жаңа білім ордасында химия, биология және физика пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, АКТ залы, заманауи кітапхана және спорт залы қарастырылған. Сонымен қатар асхана бір мезетте 100 оқушыны ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа оқу жылында Түркістан қаласындағы 84 мектепте 61 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде, 5505 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
БІЛІМ КҮНІ: КЕНТАУДА ЕГІЗДЕР АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУДЫ СОҚТЫ
Кентау қаласында жаңа оқу жылының басталуына орай барлық білім беру ұйымдарында Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Мерекелік шаралардың бірі Ә.Молдағұлова атындағы №19 жалпы орта мектебінде ұйымдастырылып, оған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты.
Қала басшысы ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, жас ұрпаққа сапалы білім мен жарқын жетістіктер тіледі.
–Білім – ел болашағының айқын көрінісі. Ал сол білімнің биігіне ұмтылған жас ұрпақ – Кентауымыздың ең үлкен байлығы. Кентаулық оқушылар оқу, ғылым, өнер, спорт және түрлі шығармашылық бағыттарда өз қабілеттерін танытып, қаламыздың мерейін республикалық және халықаралық деңгейде көтеріп келеді.Олимпиадалар мен ғылыми жобаларда, пәндік байқаулар мен зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларымыздың әрбір жетістігі – ұстаз еңбегінің, ата-ана қолдауының және баланың талпынысының нәтижесі, – деген қала әкімі ұстаздарға жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбектері үшін алғыс білдіріп, оқушыларды білімге ұмтылуға шақырды.
Салтанатты шараның ерекше сәтінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған егіздер Алпамыс Пернебек пен Ясина Пернебек жаңа оқу жылының алғашқы сыңғырлаған қоңырауды соқты.
Мерекелік жиында оқушылар тарапынан білім күніне арналған әсем әндер шырқалып, жыр-шумақтар оқылып, ұстаздар мен ата-аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара соңында қала әкімі мектеп сыныптарын аралап, оқушылармен тілдесті. Жас өрендердің жаңа оқу жылында да биік белестерді бағындырып, Кентау қаласының абыройын асқақтата беретініне сенім білдірді.
Айта кетсек, жаңа оқу жылында Кентау қаласындағы 31 мектепте 21 683 оқушы білім алады. Білім беру саласында 2197 мұғалім еңбек етуде. Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 2 010 бүлдіршін аттап, 1-сыныпқа қабылданды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДАҒЫ БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Сайрам ауданындағы Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектепте жаңа оқу жылы жағымды жаңалықпен басталды. Білім ордасының 300 орындық жаңа оқу корпусы, асханасы, шеберханасы мен спорт залы пайдалануға берілді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде білім беру инфрақұрылымын жақсарту, мектептердегі орын тапшылығын азайту және балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бөкейхан атындағы мектептің жаңа оқу корпусының ашылуы – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесінің бірі.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Бөкейхан атындағы мектепте бұған дейін оқушы саны 1100-ден асқан кезеңдер болған. Оқушы санының өсуі мектептегі орын тапшылығын күшейтіп, үш ауысымды оқытудың алдын алу мәселесін өзекті етті. Бұған қоса, бұрынғы оқу ғимаратында асхана, кітапхана және педагогтерге арналған арнайы бөлмелердің болмауы білім беру үдерісін ұйымдастыруда бірқатар қолайсыздық туғызған.
Осы мәселені шешу мақсатында 2025 жылы мектеп аумағында 300 орындық қосымша оқу ғимаратының құрылысы басталды. Нәтижесінде бүгін оқушыларға қажетті жағдайлар қарастырылған жаңа оқу корпусы ел игілігіне беріліп отыр. Жаңа ғимаратпен бірге асхана, шеберхана және спорт залының пайдалануға берілуі мектептің материалдық-техникалық мүмкіндігін едәуір арттырды.
Бүгінгі таңда Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектепте 976 оқушы білім алып, 130 педагог еңбек етеді. Жаңа корпустың іске қосылуы оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және оқушылар мен ұстаздарға заманауи талаптарға сай қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Сайрам ауданында 6 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ауданда білім беру нысандарының инфрақұрылымын жақсарту, орын тапшылығын кезең-кезеңімен шешу және оқушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА 300 ОРЫНДЫҚ АБАЙ АТЫНДАҒЫ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Түркістан облысы Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекенінде 300 орындық Абай атындағы жалпы білім беретін жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.
Жаңа білім ордасының ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, ауыл тұрғындары, білім саласының өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жаңа білім ордасының символикалық кілтін табыстады.
– Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы білім мен бала болашағын мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Осы бағытта елімізде білім беру инфрақұрылымы жаңарып, жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл – ұрпақ болашағына салынған маңызды инвестиция. Бүгінде Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектептің 1100-ден астамы Түркістан облысында орналасқан. Өңірімізде 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оқушы санының жыл сайын артуы жаңа мектептер мен қосымша оқу орындарына деген қажеттілікті күшейтуде. Бүгін осындай игі істің нақты көрінісі ретінде Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілуде. Халық санының өсуіне байланысты білім беру нысандарын көбейту – уақыт талабы. Сондықтан жаңа мектептің ашылуы – балаларға жайлы орта қалыптастырып, сапалы білім алуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ұстаздарға шығармашылық табыс, ал оқушыларға жарқын жетістіктер тілеймін! – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Түркістан облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен заманауи талаптарға сай бой көтерген үш қабатты ғимарат 300 оқушыға арналған. Білім ошағында 70 орындық асхана, 40 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, шеберхана, медициналық кабинет және оқу сыныптары қарастырылған. Сонымен қатар нысан электр, жылу, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерімен толық қамтылған.
Жер телімінің аумағы – 6 275 шаршы метр, ал ғимараттың пайдалы ауданы 4 174 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы наурыз айында басталып, 2026 жылғы тамыз айында аяқталған.
Мектептің ашылуы ауылдағы балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастырып, білім беру инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Оқушылар жаңа, жайлы әрі заманауи оқу кабинеттерінде білім алып, спорттық және шығармашылық бағыттағы жұмыстарын дамытуға жағдай жасалады.
Жаңа мектептің ашылу салтанаты барысында қонақтар білім ошағының оқу сыныптарын аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.
Айта кетейік, Сауран ауданындағы 64 білім ұясында 25 мыңға жуық оқушы білім алады. Ал, биыл 2 333 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА БІЛІМ ОШАҒЫ АШЫЛДЫ
Білім күніне орай Төлеби ауданына қарасты Ынтымақ ауылында 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заманауи білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бағдатбек Жанғазиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш, мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Бағдатбек Пердебайұлы пен Дулат Назарбекұлы ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа ғимараттың ел игілігіне берілуімен ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін білдірді.
Бұған дейін Ынтымақ ауылындағы мектеп ескі ғимаратта орналасқан болатын. Ауыл тұрғындарының сұранысы ескеріліп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында мектепке арнап жаңа ғимарат салынды.
Жаңа мектептің жалпы аумағы 2 705 шаршы метрді құрайды. Жобаның құны – 1 млрд 501,2 млн теңге. Білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттері, асхана, спорт залы, футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын алаңдары қарастырылған.
Оқушылардың еңбекке деген қызығушылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінген. Мектепте арнайы еңбек кабинеттері мен қосымша ғимаратта ағаш ұсталығы, слесарлық жұмыс, тігіншілік және аспаздық бағыттар бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, жаңа ғимараттың құрылысына Түркістан облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш те қолдау көрсетіп, жобаның жүзеге асуына үлес қосты. Құрылыс жұмыстарын «Ar Kua Group» ЖШС жүргізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімі
01 сентября 2026
БІЛІМ КҮНІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 9 ЖАҢА МЕКТЕП ПЕН ҚОСЫМША ҒИМАРАТТАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысында білім күнінде жаңа мектептер пайдалануға берілді. Солардың бірі Түркістан облысы Қазығұрт ауданында ашылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шарбұлақ ауылындағы 300 орындық «Шарбұлақ» жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, жұртшылықты құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Тамыз кеңесінде балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды. Бүгін қасиетті Қазығұрт өңірінде тұрғындардың өтініші бойынша заманауи мектеп пайдалануға беріліп, осы ауылдағы білім беру ғимаратының мәселесі шешіліп отыр. Түркістан облысында мыңнан аса мектеп, 550 мыңнан аса оқушы бар. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз. Баршаңызды жаңа ғимаратпен және Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұралхан Көшеров.
ҰҚК-нің Түркістан облыстық департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев та ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
Жергілікті тұрғындар мен ата-аналар, ұстаздар қауымы білім саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Жаңа мектептің жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Нысан 3 қабаттан тұрады. Мұнда 300 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт залы, шеберхана, медициналық кабинет және заманауи оқу сыныптары қарастырылған. Мектеп қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған. Атап айтқанда, нысан электрмен, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етіліп, кәріз жүйесі жүргізілген.
Мектеп орналасқан жер телімінің жалпы ауданы – 7 125 шаршы метр, ал ғимараттың аумағы – 4 353 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы тамызда толық аяқталды.
Мектептің ашылу салтанатынан кейін өңір басшысы мен тұрғындар мектепті аралап, ғимаратпен танысты. Мұнда оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Шарбұлақтық оқушылар жаңа оқу жылын жаңа білім ұясында қарсы алды.
Айта кетейік, еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы Түркістан облысына тиесілі. Қазіргі таңда облыста 1106 мектеп, 1441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинаты жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алуда. Яғни, Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы –Түркістан облысының тұрғыны.
Осыған байланысты облыста білім беру инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. 2024-2025 жылдары өңірде 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен 13 білім беру нысаны салынып, бірқатары тапсырылуда.
Ал 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орнына арналған тағы 58 білім беру нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 40 жаңа мектеп және 18 қосымша ғимарат бар. Бұл жобалар мектеп жоқ 3 елді мекенде жаңа мектеп салуды, сондай-ақ 15 саман мектеп пен 20 ыңғайластырылған мектептің мәселесін шешуді көздейді.
Түркістан облысында 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектепке реновация жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2025 жылы - 41, 2026 жылы - 38, 2027 жылы - 36 мектепті жаңғырту жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы