«БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін инвестициялау туралы 2025 жылдың 1 сәуіріндегі есебін ұсынады

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

«БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін инвестициялау туралы

2025 жылдың 1 сәуіріндегі есебін ұсынады   

"БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер - Инвестициялық қызмет" бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (бұдан әрі - ИПБ) зейнетақы активтерін басқаруы туралы есебін ұсынды.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ҚРҰБ мен ИПБ-лардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 22 723,37 млрд теңге. Осы күнгі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі - МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі - МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (бұдан әрі - ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған, ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22 333,29 млрд теңге[1] болды. ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің көлемі – 327,30 млрд теңге. 

ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 62,78 млрд теңге.

ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде теңгерімді инвестициялық саясатты ұстанады: валюталар, елдер, секторлар және эмитенттер бойынша қаржы құралдарының сан-алуан түрлеріне инвестициялайды.

2025 жылғы 1 сәуірге МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары мынадай: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 41,59%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 8,88%, ҚРҰБ депозиттері – 3,86%, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 3,16%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,51%, МҚҰ - 1,38%.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель мынадай: ұлттық валютадағы инвестициялар – 59,94%, АҚШ долларымен – 40,05%, басқа валютада - зейнетақы активтері портфелінің 0,01%.

Алынған кірістің құрылымын талдаудан бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер – 433,21 млрд теңге. Сыртқы басқарудағы активтер бойынша бағалы қағаздарды, шетел валютасын нарықтық қайта бағалау теріс болып қалыптасты. Басқа кірістер – 2,89 млрд теңге. 

Табыстылықтың қысқа мерзімді ауытқуларына қарамастан, 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурызға дейінгі соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс мөлшері шамамен 2,37 трлн теңгені құрады, осы кезеңдегі кірістілік - 11,99%, инфляция мөлшері - 10,00%.  

2025 жылғы 1 сәуірдегі ЖМЗЖ инвестициялау бағыттары мынадай: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 80,02%, РЕПО операциялары – 16,39%, ҚРҰБ депозиттері – 3,10%.

ЖМЗЖ есебінен инвестициялық портфель тек ұлттық валютада номиналданған қаржы құралдарынан тұрады. 

2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы кірістілігі 7,37% көрсетті.

2025 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің салымшылардың (алушылардың) шоттарына соңғы 12 айда бөлінген кірістілігі 14,84% болды.

 Зейнетақы жинақтары - ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан, инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған жөн. Қысқа мерзімді деректер (апталық, айлық және т.б.) көрсеткіш бола алмайды, өйткені олар нарықтық жағдайдың тұрақты түрде өзгеріп отыратын құбылмалылығына тәуелді. Кейбір құралдар бойынша алынған кіріс басқа құралдар бойынша уақытша шығындарды жабатын инвестициялық портфельді әртараптандыру зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді келешекте сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді. Соңғы 3 жылдағы инвестициялық кіріс тұрақты түрде өсіп, зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейінен асып түсті.

ҚРҰБ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің егжей-тегжейлі құрылымы және инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында берілген. Сондай-ақ, enpf.kz сайтында ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері бойынша портфель құрылымы туралы ақпарат орналастырылды.

Инвестициялық портфельді басқарушылар

ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 62,78 млрд теңгеден асады.

01.04.2025ж. жағдай бойынша "Jusan Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен – 11,40 млрд теңге.

Компанияның негізгі инвестициялары: Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 21,90%, ҚР ҚМ МБҚ – 19,37%, ҚР екінші деңгейдегі банктерінің (ЕДБ) облигациялары – 19,14%, РЕПО – 8,83%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 8,04%, МҚҰ - 6,23%, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 6,12%, шет мемлекеттердің МБҚ – 4,81%. Атап кетейік, портфельдің 66,49% теңгемен, 32,15% - АҚШ долларымен, 1,36% - басқа валюталарда ұсынылған. 

2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің салымшылардың (алушылардың) шоттарына соңғы 12 айда бөлінген кірістілігі 14,21% болды.

"Jusan Invest" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.

[1] зейнетақы жарналары мен төлемдер шоттарындағы ақшаны есепке алмағанда

«БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін инвестициялау туралы 2025 жылдың 1 сәуіріндегі есебін ұсынады
Дата публикации
08 мая 2025