ТҮРКІСТАН: «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛЕТІН БОЛАДЫ
Қоғамды бір ғасыр бойы ақпараттар және қызықты материалдармен сусындатып, талай журналистің кәсіби маман болуына септігін тигізген, билік пен халықтың арасына тікелей көпір орната білген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мерейтойын биыл кең ауқымда өткізу жоспарлануда. Газеттің 100 жылдығын атап өту мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасы жанынан ұйымдастыру алқасы құрылды.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевтың төрағалығымен өткен аптада ұйымдастыру алқасының алғашқы отырысы өтті.
Жиында қара шаңырақ басылымның мерейтойына дайындық жұмыстары пысықталып, алда атқарылар жоспарлар талқыланды.
Мерейтой іс-шаралары төрт мезгілді қамтиды. Атап айтқанда, «Түркістаным – Тұраным!» мүшәйрасы, қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дәстүрлі 61-турнирі, велошеру, республикалық БАҚ өкілдері арасында футболдан турнир, «Түркістан үшемдері» атты балаларды қорғау күніне арналған фестиваль, «Ғасыр жүгін арқалаған басылым» ғылыми-практикалық конференция секілді тағы да басқа медиа, әдеби-мәдени, спорттық бағыттардағы іс-шаралар салтанатты жиынмен қорытындыланады.
Өз кезегінде тарихи басылымның торқалы тойын жоғары деңгейде атап өтуді тапсырған облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев жұмыла жұмыс жасауға шақырды.