Қазығұрт ауданында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиынға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев қатысып, ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласын дамытуға, медициналық қызметтің сапасын арттыруға және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеруге ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Денсаулық сақтау саласы – қоғамның әл-ауқаты мен ұлт саулығының кепілі. Адам жанына араша түсіп, әрбір науқастың өмірі үшін күресу – үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін қасиетті қызмет. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз бен ақ пейілдеріңіздің арқасында мыңдаған азамат сауығып, отбасыларына аман оралуда. Ел игілігі жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді Мұхамедғали Шыршықбайұлы.
Салтанатты шара барысында ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері және сала ардагерлері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және арнайы марапаттармен наградталды.
Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы халық денсаулығын сақтау ісіне адал қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан медицина саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, олардың өнегелі еңбек жолы мен қоғам алдындағы ерекше үлестері жоғары бағаланды.
Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет сарайының концерттік бағдарламасымен жалғасып, медицина қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.