Бүгінгі таңда жастар алдында мамандық таңдаудың маңызды кезеңі тұр. Әрқайсысы өз болашағын сенімді, тұрақты әрі мәнді салада көргісі келеді. Осындай мүмкіндіктердің бірі – мемлекеттік қызмет. Жақында өткен жалпы жиналыстың мақсаты – оқушылар мен жастарды мемлекеттік қызметтің артықшылықтарымен таныстырып, бұл саладағы нақты тәжірибелер арқылы бағыт-бағдар беру болды.
Жиын барысында мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Алғашқы сөз Қазығұрт ауданы әкімдігі Өңірлік кадр резервіне қабылданған, қазіргі таңда ауылдық округ әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімшесінің басшысы қызметін атқарып жүрген Таубай Құралға берілді. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметке келу жолы, кәсіби қалыптасу кезеңдері және жауапкершіліктің маңызы туралы айтып өтті. Жастарға табандылық пен үздіксіз ізденістің маңызын ерекше атап өтті.
Келесі сөз жоғары оқу орнын үздік аяқтап, мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданған Тұрбат ауылы округі әкімі аппаратының бас маман іс-басқарушысы Әбдрақым Марат Талғатұлына берілді. Ол жетістікке жету жолы, кәсіби даму, жауапкершілік және «Неге бұл саланы таңдадым?» деген сұрақтарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет – тек қызмет қана емес, бұл – ел алдындағы аманат.
Жиынның маңызды бөлігі – сұрақ-жауап кезеңі болды. Оқушылар мемлекеттік қызметке қалай дайындалу керектігі, қандай мамандықтар сұранысқа ие екендігі, жоғары сыныпта қандай пәндерге көңіл бөлу қажеттігі туралы сұрақтар қойды. Сонымен қатар, өңірлік кадр резервіне қатысу тәртібі де түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қызметке дайындық ең алдымен сапалы білім алудан басталады. Заң, экономика, мемлекеттік басқару, ақпараттық технологиялар салалары қазіргі таңда аса сұранысқа ие. Бұдан бөлек, жауапкершілік, адалдық, көшбасшылық қасиеттер де үлкен рөл атқарады.
Мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес. Бұл – Отанға қызмет ету, халыққа пайда келтіру, ел дамуына үлес қосу. Егер жас ұрпақ әділдікке бейжай қарамайтын, жауапкершіліктен қашпайтын, қоғамды жақсартуға дайын азамат болуды мақсат етсе, онда мемлекеттік қызмет – үлкен мүмкіндік пен жарқын болашақтың бастауы.
Осындай кездесулер жастарға дұрыс таңдау жасауға, өз жолын сенімді анықтауға көмектеседі. Ел болашағы – білімді, белсенді, жауапты жас мамандардың қолында.