Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы
үшін иеліктен шығаруға байланысты
жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен
шығарудың басталуы туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 84 бабына және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 63 бабы 2-тармағына, «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 65 бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31 бабына сәйкес және Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің 23.10.2024 жылғы №1444 хаты негізінде Қазығұрт ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер кезегінде тіркелген азаматтарды жер учаскесімен қамтамасыз ету мақсатында осы қаулының қосымшасына сәйкес 6 жеке және заңды тұлғаларға тиесілі барлығы 70,46 гектар жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару басталсын.
2. Осы қаулының ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткеннен кейінгі күн осы қаулының 1 – тармағына сәйкес жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын күн.(29.01.2025 ж).
3. Қосымшада көрсетілген жер пайдаланушылар осы қаулыны қабылдағаннан кейін «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының (одан әрі – Заң) 69-бабына сәйкес келісім рәсімдеріне бастамашылық жасауға құқылы.
Келісім рәсімдерін жүзеге асыру үшін жүгінетін орын: «Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылы, Д.Қонаев көшесі №2/д үй.
4. Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі (С.Алсеитов):
1) осы қаулыны қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде, аудан әкімдігінің интернет-ресурстарын қоса алғанда, тиісінше жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын;
2) осы қаулы жарияланғаннан кейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей Заңның 64 бабының 2 – тармағына сәйкес жер пайдаланушыларға жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны пошта жөнелтілімінің табыс етілгені туралы хабарламаны міндетті түрде алатындай етіп, пошта арқылы жіберсін, табыс етілгені туралы хабарлама болмаған жағдайда, осы тармақшада көрсетілген құжаттарды қайта жіберсін;
3) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерінің мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны дереу заңдық талап ретінде Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
5. Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 06 қыркүйектегі №289 «Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысының күші жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары М.Аширбаевқа жүктелсін.
Аудан әкімі А.А.Исмаилов