2021 жылға мүгедектер үшiн жұмыс орындарына квота белгілеу туралы
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 18 бабының 7) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31 бабының 2 тармағына және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 9 бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазығұрт ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарына осы қаулының қосымшасына сәйкес квота белгіленсін.
2. Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 18 шілдедегі №193 «Мүгедектер үшiн жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5155 тіркелген және 2019 жылғы 09 тамызда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. «Қазығұрт ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулының Қазығұрт ауданы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары С.А. Тұрсынқұловқа жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Т. Телгараев