Сібір жарасы ауруы.

Сібір жарасы ауруы.

Сібір жарасы – зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек  ішектік, өкпелік  және сепсистік формада өтуі мүмкін.

Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз  – үй жануарлары (ірі қара мал,  қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде)  және бактерияның спораларымен ластанған  тағамдар мен ауыз суын ішіп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін.  

 Сібір жарасының белгілері ; Ауру көбінесе тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымдалады.

Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа  айналады. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды.

Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықтанады. Карбункулдың ең көп орналасатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі.

Адамда ауру 90-95%  дейін терілік формада болады. Терілік форма 80% жағдайда жеңіл түрде, 20%  ауыр түрде өтеді. Дер кезінде емделмеген немесе  кеш емделген терілік түрде өлім 5% дейін жетеді. Ішектік формада ауру ауыр уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100% дейін жетеді.

Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.

Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға қатысатын адамдарға егіледі.

 

 

К.Усипбекова  Қазығұрт аудандық

cанитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы

Дата публикации
02 июля 2026