«Төлеби» өңірлік маңызы бар
индустриялық аймақ құру туралы
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заңдарына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ (бұдан әрі – Индустриялық аймақ) 25 (жиырма бес) жыл мерзімге құрылсын.
- Индустриялық аймақ туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
- «Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
- Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары
Т.Ж. Қозбековке жүктелсін.
Облыс әкімі Н. Көшеров
|
З.С. Жолдасов
|
Н.Ә. Тұрашбеков
|
|
Е.Ә. Дауылбаев
|
Қ.Ә. Қайыпбек
|
|
Е.К. Алтаев
Б.Д. Тәжібаев
|
К.О. Елибаев
|
Түркістан облысы әкімдігінің
«___»_____2025 жылғы
№____ қаулысына қосымша
«Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ туралы Ереже
- Жалпы ережелер
- Осы Ереже (бұжан әрі – Ереже) «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 14-бабының 6) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 1 тамыздағы
№ 607 бұйрығымен бекітілген өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ туралы үлгілік ережеге сәйкес әзірленді және «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың мақсатын, міндеттері мен жұмыс істеуін айқындайды.
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақта қызмет Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
- Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады.
- индустриялық аймақ – жеке кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәсіпкерлік қызмет, оның ішінде өнеркәсіп, туристік индустрия, көлік логистикасы, қалдықтарды басқару саласындағы қызмет объектілерін орналастыру және пайдалану үшін берілетін, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақ;
- өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ – жергілікті бюджеттен толық не ішінара қаржыландырылуын жүзеге асрыу болжанған жағдайдағы айқындалатын заңды тұлға;
- индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы – индустриялық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Заңға сәйкес құрылатын немесе айқындалатын заңды тұлға;
- индустриялық аймақтың қатысушысы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен индустриялық аймақтың аумағында кәсіпкерлік қызмет объектілерін орналастыруды және пайдалануды жүзеге асыратын, олармен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасқан дара кәсіпкер, заңды тұлға;
- инфрақұрылым объектілері – арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың жылу және электр энергиясын өндіру және (немесе) беру, сумен жабдықтау және газбен жабдықтау, кәріз, көлік коммуникациялары, көрсетілетін байланыс қызметтері объектілерінің және өзге де объектілердің құрамына кіретін объектілер;
- уәкілетті орган – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
- Түркістан облысының әкімдігі – облыстың әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган.
- Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың
мақсаттары мен міндеттері
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың негізгі міндеттері:
- өнеркәсіптік кешен саласындағы жеке кәсіпкерлікті жеделдетілген дамытуға жәрдемдесу;
- жаңа өндірістердің инфрақұрылымын құруға және дамытуға шығындарды оңтайландыру;
- өндірістің тиімділігін арттыру;
- халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету.
- Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың
басқарылуы және жұмыс істеуі
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде кемінде жиырма бес жыл мерзімге құрылады.
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құруды және оның аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертуді Түркістан облысының әкімдігі жүзеге асырады.
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты осы индустриялық аймақтың құрылу мерзімі өткен соң таратылады.
- Осы Ереженің 6-тармағында көрсетілген индустриялық аймақтың жұмыс істеу мерземі Түркістан облысы әкімдігінің шешімі бойынша ұзартылады.
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қызметі басқарушы компаниямен үш жылдық кезеңге бекітілген индустриялық аймақтың даму стратегиясына, сондай-ақ Заңның 14-бабы 8) тармақшасына сәйкес әзірленетін даму жоспары және оның инфрақұрылымына сәйкес жүзеге асырылады.
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақта қатысушылардың қызметі индустриялық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушысы мен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, индустриялық аймақтың аумағында және (немесе) олардың құқықтық режимінде қызметті жүзеге асыру талаптарын, тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
- Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынуды «Төлеби»» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың аумағында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
- «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қызметінің тиімділігін бағалау Заңның 11-бабы 19) тармақшасына сәйкес уәкілетті органмен бекітілетін Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар қызметінің тиімділігін бағалау әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
- Қорытынды ережелер
Осы Ережемен реттелмеген «Төлеби» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстығы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.