Ішкі талдау жүргізу обьектісінің толық атауы:
Түркістан облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы (әрі қарай - Баскарма).
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің негіздері:
«Сыбайлас жемкорлыкка карсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы №410-Заңы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-кимыл агенттігі төрағасының 2023 жылғы 16 қаңтардағы №21 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары және 2024 жылғы 14 наурыздағы Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Е.А.Әлімқұловтың «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» төртінші базалық бағытының жобаларын орындау шеңберінде Түркістан облысының басқармалары мен квазимемлекеттік ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу кестесі.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдаудың бағыты:
1. Қолданыстағы құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
2. Ішкі құжаттарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
3. Персоналды басқарумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
4. Мүдделер қақтығысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
5. Мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
6. Рұқсат беру функцияларын іске асырумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
7. Бақылау функцияларын іске асырумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
8. Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтен туындайтын өзге де мәселелерді іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
9. Қаржы-шаруашылық қызметпен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу мерзімі: 05.04.2024-21.05.2024ж.ж.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу кезеңі: 2023- 21.05.2024 ж.ж.
1. Қолданыстағы құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Басқарма бөлімдерінің біліктілік талаптарында айқындалған нормативтік құқықтық актілерде және құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін дискрециялық (өзінің қалауы бойынша шешім қабылдайтын) өкілеттік пен нормалар анықталмады.
Басқармада 8(72533)-5-96-83 сенім телефоны орнатылып, интернет ресурсында жарияланған. Бүгінгі таңда сенім телефон арқылы облыс тұрғындары тарапынан басқарманың әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің қызметіне арыз шағымдар тіркелмеген. Басқарма ғимаратында «Азаматтардың арыз-шағымдарымен өтініштерін жинақтау жәшігі» және «Азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің саласы бойынша шағымдары мен ұсыныстарына арналған жәшік», «Ақпарат бұрышында 1424 сенім сымтетігінің номері», «Пара берме-алма», «Қызмет бабында сыйлық берген де алған да – жазаланады» - деген брошюра орнатылған.
2. Ішкі құжаттардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
«Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» мемлекеттік мекемесі 2023 жылғы 8 ақпанда Түркістан облысының Әділет департаментінде тіркелді (БСН – 050140002533).
Басқармада істер номенклатурасы бекітілген, бұйрықтарды тіркеу журналдары істер номенклатурасына сәйкес рәсімделген.
2023 жылдың қорытындысымен әкімшілік шаруашылық мәселелер бойынша - 208 бұйрық, жеке құрам бойынша - 29 бұйрық, негізгі құрам бойынша – 45 бұйрық қабылданған. Ал, 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында 71 бұйрық, жеке құрам бойынша - 40 бұйрық, негізгі құрам бойынша – 13 бұйрық қабылданған. Талдау және бұйрықтарды тексеру барысында құқық бұзушылықтар мен кемшіліктер орын алған жоқ.
Басқармаға 2023 жылдың қорытынды бойынша жеке тұлғалардан 8 өтініш, заңды тұлғалардан 6 өтініш түсті. Ал, 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында жеке тұлғалардан 4 өтініш, заңды тұлғалардан 6 өтініш келіп түскен. Өтініштер Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының талаптарына сәйкес, жауап жолданған. Аталған өтініштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қозғалмаған.
Түркістан облысы прокуратурасы тарапынан прокурорлық қадағалау актiлерi жүргізілмеген.
Басқарманың ережесінде және мемлекеттік қызметшілердің лауазылымдылық нұсқаулықтарында дискрециялық өкілеттіктер және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін нормалар анықталмады.
3. Персоналды басқарумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Басқармада жалпы штат саны - 48, оның ішінде мемлекеттік кызметшілер саны 38, нақты 37, бос орын 1, келісімшарт бойынша жалпы саны - 10, нақты 9, бос орын 1.
Талдау барысында, басқарманың мемлекеттік қызметшілердің, келісімшарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке іс құжаттарында кемшіліктер анықталмады.
4. Мүдделер қақтығысымен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Талдау барысында басқарма қызметіне зиян келтіруі мүмкін мүдделер қақтығысы анықталмады.
5. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Басқармада мемлекеттік қызметтерді көрсетумен байланысты функциялары көзделмеген.
6. Рұқсат етуші функцияларын жүзеге асырумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Басқарманың ережесінде «Рұқсат етуші функциялары» қарастырылмаған.
7. Бақылау функцияларын жүзеге асырумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Басқарманың ережесінде «Бақылау функциялары» қарастырылмаған.
8. Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі басқа да мәселелерге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Қазақстан Республикасының Түркістан облысы аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік салаларда басшылық жүргізетін мемлекеттік орган болып табылады.
Басқарманың ведомстволары жоқ.
Басқарма міндеті тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған экономикалық, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Осы мақсатты іске асыру үшін басқарма облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарын, басымдықтары мен негізгі бағыттарын қалыптастыру, әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарымен өзара іс-қимылда бюджеттік саясатты іске асыру, Өңірлік даму саласындағы саясатты жүзеге асыру сияқты міндеттерді жүзеге асырады.
«Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ережеге сәйкес жоғарыда аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін 25 функция бекітілген.
Бұл функцияларды жүзеге асыру бөлімдер арасында бөлінген. Олар:
1. Стратегиялық жоспарлау және экономикалық талдау бөлімі;
2. Бюджеттік саясат және жоспарлау бөлімі;
3. Инвестициялық саясат және мемлекеттік-жекешелік әріптестік бөлімі;
4. Мемлекеттік аппарат, қорғаныс және құқық қорғау органдары бөлімі;
5. Түсімдерді болжау бөлімі;
6. Коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және табиғатты қорғау бөлімі;
7. Білім және қоғамдық даму бөлімі;
8. Нақты сектор және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі;
9. Спорт, туризм және мәдениет бөлімі.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдаудың жұмыс тобы өз қызметінде жоғарыда аталған бөлімдерді басшылыққа алатын заңдарды, нормативтік құқықтық актілерді, құқықтық актілерді зерделеді.
Талдау көрсеткендей, негізінен бөлімдердің функциялары нақты реттелген, нақты мерзімдер белгіленген, нақты анықтамалар берілген. Осыған қарамастан, жұмыс тобы төмендегі нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін дискрециялық өкілеттіктер мен нормаларды анықтады.
1) Коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және табиғатты қорғау бөлімінің функцияналдық қызметіне жататын «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылуын қарап, келесі тәуекел анықталды:
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында іске асыру жоспарланған жобаларға 3 жылға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі бекітілген.
Бекітілген жалпы сипаттағы трансферттер көлеміне сәйкес, аудан, қала әкімдіктері 3 жылда тіректі және спутникті елді мекендерде іске асырылатын жобалардың тізбесін бекітіп, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бюджеттік өтінімдерімен қоса негіздеуші құжаттарын қоса ұсынулары қажет.
Облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджетті қалыптастыру немесе нақтылау барысында аудан, қала әкімдіктері тарапынан ұсынылған бюджеттік өтінімдерге сәйкес, жобаларды қарап, іріктеп басқармаға ұсынады.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ұсыныстарын ескере отырып, 3 жылға арналған бюджет қалыптастырылып, бекітіледі.
Жоғарыдағы көрсетілгендерге сәйкес, бюджетті қалыптастыру немесе нақтылау барысында облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен тікелей қарым-қатынас жасау сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келуі мүмкін.
Ұсыным: Бюджетті қалыптастыру немесе нақтылау барысында облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен тікелей қарым-қатынасты болдырмау мақсатында, ұсынылған жобаларды қарау және іріктеу үшін мемлекеттік қызметшінің сандық жұмыс орны электронды почтасының (ЦРМ – цифровое рабочее место государственного служащего) құжат жүктеу көлемін арттыруды немесе электронды құжат қабылдау жүйесін енгізуді ұсынамыз.
2) Инвестициялық саясат және мемлекеттік-жекешелік әріптестік бөлімінің саласындағы функцияналдық қызметіне жататын нормативтік құқықтық актілері бойынша келесі тәуекел анықталды:
Осы бағыт бойынша инвестициялық саясат және мемлекеттік-жекешелік әріптестік бөлімі басшылыққа алатын НҚА зерделенді және келесі тәуекел анықталды.
Басқарма Бюджет кодексі, Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсыныс әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ Бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидалары шеңберінде облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынатын инвестициялық жобалар бойынша ұсынылған құжаттарға қарап, экономикалық қорытындыларды қалыптастыруды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы №129 «Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау қағидалары» және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 қарашадағы №725 «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» бұйрықтарына сәйкес, экономикалық қорытынды алу үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан бюджеттік инвестициялық жобалардың құжаттамалары қолма-қол ұсынылады.
Ұсыным: Бюджетті қалыптастыру және нақтылау барысында облыстық бағдарлама әкімшілерімен тікелей қарым-қатынас болдырмау мақсатында, ұсынылған жобаларды бюджеттік инвестициялық жобалардың құжаттамаларына электронды құжат қабылдау жүйесін енгізуді ұсынамыз. Өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың пайда болу тәуекелін төмендетеді.
3) Қаржы-шаруашылық қызметімен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің № 511 бұйрығымен бекітілген Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидалары (әрі қарай- Қағидалар) зерделенді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша талдау жұмыстарының сипаттамасы: Қағидалардың 81-тармағында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде, әрбір бюджеттік 5 бағдарлама бойынша шығыстар түрлерін есептеу кезінде бағдар ретінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге белгіленген бағаналар дерекқоры пайдаланылады. Бұл ретте, бір дана қарастырылған тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге нақтылы орташа бағаны асып түспейтін бағаналар дерекқорында бағанаға бағдарланған. Бағаналар дерекқорында жок болған жағдайда, жоспарланған шығыстарды негіздейтін құжаттар (шарттардың көшірмелері, прайс-парақтар) пайдаланылады делінген. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алу порталының баға модулі бойынша тауарлар бағанасының орташа құнын анықтау барысында бірқатар қиындықтар туындауда. Яғни, кейбір тауарларды анықтау мүмкін емес, себебі мемлекеттік сатып алу порталының баға модулінде жоқ. Алайда, бюджеттік бағдарлама әкімшілері (бұдан әрі-ББӘ) тарапынан ұсынылған прайстардағы тауарлардың нақты бағасы сол сомаларда тұратындығын дәлелдеу мүмкін емес. Сол себепті үлкен тәуекелге барып, тауарларды жоғары бағамен алып келуіне мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, дерекқор жүйесіндегі бағалар қазіргі нарықтық бағалармен сәйкес келмейді. Сондықтан, дереккордағы тауарларды және тауарлардың бөлшектерін бөліп нақты көрсету керек. «Мысалы дерекқордан компьютер іздейтін болсақ, онымен қатар компьютердің бөлшектері шығып кетеді, сол себепті компьютердің бағасы нарықтық бағадан әлде қайда төмен болып шығады». Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес, тиісті жоспарлы кезеңге бюджеттік өтінімдер жоспарлау кезінде ББӘ бюджеттік өтінімдерін ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейін ұсынулары қажет, алайда ББӘ бюджеттік өтінімдерін қалыптастыру барысында дерекқор жүйесіндегі бағаларға сүйене алмайды, себебі дерекқор жүйесінде есепті жоспарлы кезеңнің бағасы көрсетілмеген.
Ұсыным:
Бюджетті тиімді жоспарлау үшін мемлекеттік сатып алу порталындағы тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің каталогы (әрі қарай - ТЖҚК) бойынша республика көлемінде медианды бағаны бекітіп беруді ұсынамыз. Өз кезегінде аталған өзгеріс қабылданса, нақты тауардың немесе қызметтің бағасын анықтауға және сапалы жоспарлауға мүмкіндік береді.