Түркістан облысында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өңірлік семинар өтті

Түркістан облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Баланың құқықтарын, қауіпсіздігі және әл-ауқатын қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері» тақырыбында өңірлік семинар өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев қатысып, семинар жұмысына қатысушыларды құттықтады.

Өңірлік семинардың негізгі мақсаты – аудандық және қалалық білім бөлімдерінің қорғаншылық және қамқоршылық саласына жауапты мамандарының, психологиялық қызмет әдіскерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту болды.

Семинарға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің қорғаншылық және қамқоршылық мамандары, психология жөніндегі әдіскерлер, Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының және облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары қатысты.

Семинар барысында білім бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандардың балалардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі негізгі үйлестіруші рөліне ерекше назар аударылды. Баланың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және оларға дер кезінде кешенді көмек көрсету жұмыстары нақты статистикалық деректер мен талдау нәтижелеріне негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға тікелей байланысты екендігі айтылды.

Қатысушыларға әрбір өңірдің балаларға қатысты әлеуметтік-демографиялық жағдайын толық меңгерудің маңыздылығы түсіндірілді.

Атап айтқанда, балалар санының өзгеру динамикасы, толық және толық емес отбасылар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, құқық бұзушылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, тәуекел  жоғары аумақтар, біліммен қамтылмаған балалар және өзге де әлеуметтік тәуекел факторлары бойынша тұрақты мониторинг жүргізудің маңыздылығы кеңінен талқыланды.

Мұндай талдау балаларға қатысты қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтап, нақты әрі тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретіні ерекше атап өтілді.

Семинардың негізгі идеясы – әрбір баланың тағдырына қатысты мәселе мемлекеттік органдардың тұрақты назарында болуы тиіс деген қағида болды.

Осыған байланысты білім беру ұйымдарының, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау ұйымдарының, әлеуметтік қорғау мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өзара тиімді іс-қимылы ғана балалардың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі екені айтылды.

Семинар жұмысына балалардың құқықтарын қорғау саласындағы тәжірибелі сарапшылар қатысып, өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасады. Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Өмірбай Нұрсұлтан Әбілқасымұлы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы сот тәжірибесі мен қолданыстағы заңнаманың өзекті мәселелеріне тоқталды. Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Дәулетханұлы Жанаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы бала құқықтарын қорғау бағдарламаларының жетекшісі Азамат Жаманчинов халықаралық тәжірибелерді таныстырып, балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заманауи тәсілдер жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Түркістан облысы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызы Нарбекова қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметінің өзекті мәселелеріне тоқталып, балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттары мен алдағы міндеттерін айқындады.

Семинар барысында қатысушылар қорғаншылық және қамқоршылық қызметін ұйымдастыру, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды ерте анықтау, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу, психологиялық қолдау көрсету, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы тиімді қолдану мәселелері бойынша кеңінен пікір алмасты. Сонымен қатар тәжірибеде кездесетін өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстар мен тиімді тәжірибелер ортаға салынды.

Іс-шара қорытындысында балалардың құқықтарын қорғау – тек бір мемлекеттік органның емес, қоғамның барлық институттарының ортақ міндеті екені ерекше атап өтілді.

Семинар барысында берілген ұсынымдар өңірдегі балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, олардың құқықтарын тиімді қорғауға, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау жүйесін жетілдіруге және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталған нақты іс-шараларды іске асыруға негіз болады.

Дата публикации
10 сентября 2026