Аудан әкімінің сайлауына қойылатын талаптар

Аудан әкімінің сайлауына қойылатын талаптар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында биыл пилоттық түрде облыстық маңызы бар қала және аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Осы ретте елімізде 2023 жылғы 5 қараша күні өтетін сайлауда алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдер сайланатын болады. Бұл аудан мен қалалардың қатарында Бәйдібек ауданы да бар.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау науқанын өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күн, оның ішінде сайлау қорытындыларын шығаруға бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды. Атап айтқанда, кандитарттарды ұсыну 16 қыркүйек – 5 қазан аралығы, кандидаттарды тіркеу – 10 қазанда сағат 18:00-де аяқталады. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тіркеу аяқталған соң бірден басталады және ол 24 күнге, яғни 4 қараша күні сағат 00:00-де дейін созылады. 

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және 25 жастан төмен болмауы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір азамат қатарынан екі реттен артық аудан әкімі болып сайлана алмайды.

Саяси париялар өз кандидаттарын ұсына алады. Сонымен қатар жекелеген азаматтардың да кандидат болуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте өзін өз ұсынған азамат сайлауға түсіп отырған сайлау округінде тіркелген сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайыз қолдауын жинауы қажет. Егер ұсыну мерзімі аяқталған кезде, бір ғана кандидат болса, оған балама ретінде облыс әкімі екінші кандидатты, ал кандидаттар мүлдем болмаса, онда облыс әкімі екі кандидатураны ұсынады. 

Кандидаттар заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын енгізуге тиіс. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат әкім болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаса, енгізілген жарналар кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайларда сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылмайды. Сондай-ақ тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Егер мәліметтер бұрыс не анық болмаса, аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуға құқылы.

Әр азамат өз ауданының болашағы үшін дауыс беруге және таңдау жасауға құқылы. Сондықтан, аудан тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасайды деп сенемін.

 

М.Қырықбаев,

Бәйдібек аудандық аумақтық

сайлау комисссиясының төрағасы.

Аудан әкімінің сайлауына қойылатын талаптар
Дата публикации
02 октября 2023