Ауыл әкімдерінің сайлауы жаңа форматта өтеді

Ауыл әкімдерінің сайлауы жаңа форматта өтеді

 

Жуырда  "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Негізінен бұл өзгерістер аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлауына байланысты туындаған болатын.

Ауыл округтің әкімін бұрынғыдай мәслихат депутаттары емес, енді сол ауылдық округтің халқы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды. Енді бір адам сол ауылдық округ әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды.

Ауылдық округ әкіміне кандидаттар ұсынуды саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аумақтық сайлау комиссиясына өтініш беру арқылы жүргізеді. Саяси партия бір сайлау округінде (ауылдық округ) тек бір кандидат ұсынуға құқылы. Кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде бір пайыз дауысымен қол жинап, қолдауға ие болуы керек.

Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге ауылдық округ әкіміне екеуден аз кандидат ұсынылса, онда аудандық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады. Бұл ретте аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы.

Кандидат ретінде тіркелу үшін Қазақстан Республикасының азаматы, 25 жастан кіші емес, осы лауазымға (E-R-1) қойылатын білік талаптары мен барлық мемлекеттік қызметкер үшін жалпы шектеулер (соттылық, жұмысқа қабілетсіздік т.б.) сияқты талаптарға сәйкес келуі тиіс.

Кандидатты ұсынған саяси партиялар ұсынылған әрбір кандидат үшін, ал басқа кандидаттар өз қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдардың шотына заңнамада белгіленген ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуге міндетті.

Ауданымызда ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында өкілеттіктері аяқталатын Ақбастау, Көктерек ауыл округтері әкімдерінің сайлауы өзгерістер енгізілген заңнама бойынша жаңа форматта өтеді. Сайлау науқанында сол әкімшілік-бірлік аумағында орналасқан 7 сайлау учаскесінде 4000 сайлаушы өз таңдауларын жасайтын болады.

 

 

Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қырықбаев М.Е.

Ауыл әкімдерінің сайлауы жаңа форматта өтеді
Дата публикации
25 июня 2021