Қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Qazaqstan dáýiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының және «Ел ана» сайтының Бас директоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» газетінің Түркістан облысы бойынша координаторы Орманова Дана Садыққызы арнайы келіп, оқырмандармен, тұрғындар және шаруалармен кездесу өткізді.
Тағылымды кездесуді қала әкімі орынбасары Ерғали Қуандық ашып, жүргізіп отырды.
Сөз тізгінін алған «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясымен де талай жерді аралап, ауылдардың ажарланып, өсіп-өркендеуіне қосқан Сәуле Мешітбайқызы өзі басқарып отырған басылымның орны мен рөлі, елдегі жағдай туралы әңгімеледі.
- Менің негізгі мақсатым – ізгілікті, жақсылықты жазу арқылы халықтың рухани кемелденуіне үлес қосу, жақсы мен жаманды айта келіп, дұрыс бағыт-бағдар беру. Ол менің аналық, перзенттік парызым. Ел боламын деген ел руханиятына шектеу қоймайды. Қазір қоғамда газет-журналдарға жазылмаймыз деген пікірді айтатындар бар. Бұл дұрыс емес. Болашағын ойлаған әрбір азамат газет-журналдарға жазылу керек, оқу керек. Баспасөз – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті абыроймен атқару – біздің міндетіміз.
Жастардың шығармашылық қабілеттері, қасиеттері осы газет-журналдарымыз арқылы қалыптасады, дамиды. Халықтың рухын көтеруде басылымдардың орны ерекше,- дей келіп, Сәуле Мешітбайқызы “Qazaqstan dáýiri” газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ерекшеліктеріне тоқталды, халықты газет-журналдарға жазылуға шақырды.
Кездесуге қатысқан қала тұрғындары сөз алып, газеттің қоғамдағы рөлін, өскелең ұрпаққа смартфон әсері, т.с.с өзекті мәселелерді талқылады.