Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Қымбатты Ұлы Отан соғысының және тыл  ардагерлері!

Қадірменді арыстықтар!

Сіздерді 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!  Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.

Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн.    

Тәуелсіздігіміздің  тұғыры берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен отанымыздың  гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.

1945 жылдың 9 мамыры...

Жылдан-жылға алыстап бара жатқан мерзім. Дей тұрғанмен, Ұлы Жеңістің анық бағасы мен маңызы біздің жадымызда мәңгі орын алды.

ХХ ғасырдың ең алапат – шайқасы екінші дүниежүзілік соғыста Қазақ жауынгерлері көп ұлтты Кеңес Одағы әскерлерінің арасында ерекше ерлігімен, қайтпас қайсарлығымен көзге түсті.

Біздің қаламыздан  Ұлы Отан соғысына   10 мыңнан  аса  азамат аттанып, тең жартысынан астамы туған жерге оралмады. 

Қаламыздан 6 бірдей Кеңес Одағының Батыры Бейсен Онтаевтың, Берген Исахановтың, Садық Исмаиловтың, Иван Журбаның, Нағи Ілиясовтың, Ережепбай Молдабаевтың шыққанын мақтан тұтамыз. Биыл Ұлы Жеңістің 76-шы көктемін Ұлы Отан соғысының ардагерлері  Қасымбек Кенжебеков  пен Абылай Нарбаев аталарымыз арыстықтармен  бірге қарсы алды.

Біз бүгінгі ұрпақ өкілдері олардың өлмес рухына әрқашан да бас иеміз.

Қадірлі Ұлы Отан соғысының және тыл  ардагерлері!

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен Сіздерді  құттықтай отырып, зор денсаулық, құт-береке, туғандарыңыз бен жақындарыңызға бақыт тілеймін!

 

 Құрметпен,

     Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова