Президент Касым-Жомарт Токаев поздравил мужскую сборную Казахстана по фехтованию на шпагах с победой на этапе Кубка мира в Касабланке.
Благодаря этому успеху наши спортсмены впервые в истории вышли на первое место в мировом командном рейтинге Международной федерации фехтования (FIE).
Касым-Жомарт Токаев пожелал спортсменам новых достижений под флагом Казахстана на самых престижных состязаниях.
Қазақстан ерлер құрамасы (сапы) отандық семсерлесу тарихында тұңғыш рет Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Бұл тарихи жетістік кейінгі 12 ай ішіндегі ірі халықаралық жарыстардағы жеңістер сериясының нәтижесі.
Команда шың басына жету жолындағы шешуші қадамды 2026/27 жылғы маусымның ашылуы - Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алу арқылы жасады.
Әлемдік рейтингте бірінші орын иелену қазақ семсерлесу шеберлерінің тамаша жеңістер сериясының шарықтау шегіне айналды. 2025 жылдың қараша айында команда Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіске жетсе, 2026 жылдың маусымында Нью-Делиде (Үндістан) Азия чемпионы атанып, шілдеде Гонконгта (ҚХР) әлем чемпионатының алтынын еншіледі. Ал қыркүйекте Айчи-Нагояда (Жапония) өткен Азия ойындарында топ жарды.
Көптеген жыл бойы ерлер арасындағы командалық сапы сайысында Франция, Италия, Мажарстан және Швейцария сияқты семсерлесу спорт түрінен танымал алпауыттар көш бастап келді. Азия елдері арасында бұған дейін тек Жапония мен Оңтүстік Корея ғана әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген. Енді олардың қатарына тұңғыш рет осындай нәтижеге қол жеткізген Қазақстан қосылды.
Касабланкадағы әлем кубогына қазақстандықтар тек Швейцария мен Франциядан кейінгі әлемнің үшінші командасы ретінде келген. Турнирдегі жеңіс құрамаға қарсылық тудырған елдерді басып озып, FIE рейтингінде тұңғыш рет бірінші орынға шығуға мүмкіндік берді.
Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов осы тұста жас спортшылардың рөлін ерекше атап өтті:
«Ең алдымен, спортшыларды, бапкерлерді және бүкіл команданы осындай тарихи нәтижемен құттықтаймын! Бұл жетістіктің маңызы Касабланкада жаңартылған құраммен өнер көрсеткенімізде жатыр. Жарыс жолына Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов пен Кирилл Павлов шықты. Олардың үшеуі - жаңа ғасырдағы буынның өкілі. Сонымен қатар әлем чемпионы атанған 4 спортшының екеуі бұл турнирге қатыспады.
Дәл осы құраммен біз ерлер арасындағы командалық сында 23 дүркін әлем чемпионы атанған Францияны жеңдік. Бұл - сапы бағдарламасындағы абсолютті рекорд. Отандастарымыздың бұл жеңісі елде мықты көшбасшылар ғана емес, әлемнің үздік құрамаларын жеңе алатын жас спортшылардың да бар екенін дәлелдейді»,– деп айтты Мирбулат Абуов.
Мароккода бас жүлдеге апарар жол Түркияны (45:20), Гонконгты (45:28) ойсырата жеңуден басталды. Ширек финалда қазақстандықтар тартысты бәсекеде Мысырды 45-39 есебімен ұтты.Ж
артылай финалда Қазақстан құрамасы Франциямен кездесті. Айқастың басынан бастап басымдыққа қол жеткізген спортшыларымыз басымдықты уысынан шығармай, 45-39 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші кездесудегі қарсылас Ресей атанды. Қазақстандықтар айқас барысын бақылауда ұстап, әр кезеңде шағын басымдықты сақтап қалды және финалды 45-40 есебімен аяқтады.
Пара дзюдодан J2 санатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ибрагим Нұрмұханұлы финалда Өзбекстан спортшысы Камран Нуриллаевты жеңіп, алтын медаль иеленді.
19 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында қазақстандық Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен чемпион атанды.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы 192 келіні көтеріп, Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатты.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан құрамасы тағы екі медаль жеңіп алды. Пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов алтын жүлдеге қол жеткізсе, пара пауэрлифтингтен Тұрсынай Қабыл 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 104 келіні көтеріп, күміс медаль иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын және бір күміс медаль бар.
19 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара пауэрлифтингтен Қазақстан құрамасының спортшысы Тұрсынай Қабыл күміс медаль жеңіп алды.
41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы алғашқы мүмкіндігінде 100 келіні, екінші мүмкіндігінде 102 келіні, ал үшінші мүмкіндігінде 104 келіні сәтті көтеріп, екінші орынға ие болды.
Аталған салмақ дәрежесінде Қытай спортшысы Цуй Чжэ 120 келі нәтижемен алтын медаль жеңіп алса, Индонезия өкілі Ни Ненгах Видиасих 97 келі нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Айчи-Нагоя Азия Пара ойындарында пневматикалық мылтықпен 10 метр қашықтыққа нысана көздеуден R1 дисциплинасында Еркін Ғаббасов 249.1 ұпай жинап, чемпион атанды. Оған қоса, ол жарыстың рекордын орнатып, Лос-Анджелес-2028 Паралимпиадасына жолдама алды.
Екінші орынды Корея елінің спортшысы Парк Джинхо(248 ұпай), үшінші орынды Ли Джанхо(226 ұпай) алды.
Айта кетейік, бұған дейін Еркін Габбасов Парарлимпиадада пара нысана көздеуден күміс медальді жеңіп алған болатын.
Бүгін Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) оқу орнының тарихындағы жаңа кезеңге арналған салтанатты жиын өтті. Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу білім ордасын мемлекетке өтеусіз беру туралы шешімін ресми түрде жариялады.
Салтанатты шара университеттің бес жыл ішінде қалыптасып, даму жолынан өткен кезеңін қорытындылап, жаңа белеске қадам басуын айқындады. 2021 жылы небәрі 150 студенті бар шағын академия ретінде құрылған оқу орны бүгінде бес мыңға жуық студент білім алатын, ғылым мен білімді ұштастырған бірегей кешенге айналды.
«2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясын ашқан кезде Қазақстанда әлемдік деңгейдегі спорт университетін құруды армандадым. Жастар өз қабілеттерін шыңдап, халықаралық талаптарға сай сапалы білім алып, ғылыммен айналысып, үлкен спортта жетістіктерге жете алатын білім ордасын қалыптастырғым келді»,– деді Нұрасыл Медеу.
Бес жыл ішінде KNUS өзіндік білім беру және ғылыми экожүйесін қалыптастырып, жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосты және бірқатар халықаралық жобаны жүзеге асырды.
Университеттің маңызды жетістіктерінің қатарында Халықаралық киберспорт федерациясымен бірлескен киберспорт зертханасының ашылуы, Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің қатысуымен Sport Media Lab зертханасының құрылуы, RITA халықаралық жобасы аясында Құтқару спорты орталығының ашылуы, сондай-ақ Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастық негізінде Орталық Азияның білім беру хабының құрылуы бар.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылды. Сонымен қатар Венгрияның Спорт және ғылым университетімен бірлесіп спорттағы озық тәжірибе мен тұрақты даму орталығы құрылды. «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының (UN Women) қолдауымен Women in Sport Kazakhstan жобасы жүзеге асырылуда.
Университет дамуының маңызды бағыттарының бірі – халықаралық академиялық ұтқырлықты кеңейту. KNUS шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жөнінде келісімдер жасады. Eclore Business School оқу орнымен ынтымақтастық аясында алғашқы 20 магистрант қос диплом иегері атанды. Қазіргі уақытта Швеция, Корея Республикасы, Италия және Польша университеттерімен осындай бағдарламаларды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақ ұлттық спорт университеті сапалы білімнің қолжетімді болуына ерекше мән береді. Осы мақсатта Нұрасыл Медеу тағайындаған Life Chance Grant және Merit Grant гранттары талантты жастарға, әсіресе шалғай ауылдардан шыққан талапкерлерге, білім алып, өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға жол ашып отыр.
Merit Grant гранты оқу ақысының толық құнын өтейді. Ал Life Chance Grant бағдарламасы оқу ақысын төлеумен қатар, ай сайынғы шәкіртақыны, тәлімгерлік қолдауды, жатақханада тұруды және шетелде білім алуды қаржыландыру мүмкіндігін қамтиды.
Университет студенттерінің жетістіктері де атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Нұрасыл Медеудің айтуынша, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғаған KNUS 17 студентінің 14-і жүлдегер атанған.
«Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы», – деп атап өтті Нұрасыл Медеу.
Университетті мемлекетке өтеусіз беру туралы шешімін оның негізін қалаушы оқу орны құрылған сәттен бастап ойластырған саналы қадам ретінде түсіндірді.
«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді KNUS негізін қалаушы.
Ол қазіргі студенттер алдындағы барлық міндеттеменің толық көлемде сақталатынын, соның ішінде бұрын тағайындалған құрылтайшы гранттары бойынша міндеттемелердің де орындалатынын атап өтті. Оның айтуынша, студенттердің оқу мерзімі аяқталғанға дейін гранттарын толық қаржыландыруға қажетті қаражат университеттің есепшотына орналастырылған. Сондай-ақ тиісті міндеттемелер заң жүзінде бекітіледі.
«Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді Нұрасыл Медеу.
Сөзінің соңында университеттің негізін қалаушы оқу орнын үлкен сапарға дайын тұрған кемеге теңеп, оның болашағына сенім білдірді.
«Бүгін мен осы кемені мақтанышпен үлкен сапарға шығарып саламын. Алда жаңа жаңалықтар, студенттердің жаңа буындары және халықаралық аренада Қазақстанның туын биікте желбірететін жаңа жетістіктер күтіп тұр!» – деді ол.
Салтанатты жиын барысында университеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар құрылтайшы гранттарының иегері атанған студенттерге сертификаттар берілді.
Мерекелік бағдарламаны KNUS студенттерінің ұлттық нақыштағы биі толықтырды. Өнер көрсету қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени мұрасына деген құрметті бейнеледі.
Қазақ ұлттық спорт университетінің мемлекетке өтеусіз берілуі оқу орнының дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл қадам білікті мамандар даярлау, спорт ғылымын өркендету және Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі беделін нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға негіз болады.
19–25 қазан аралығында еліміздің өңірлерінде өтетін мәдени, спорттық және өзге де іс-шаралар топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Апталық афиша сапарларыңызды алдын ала жоспарлауға, қызықты іс-шараларды таңдауға және оларды саяхат бағытыңызға енгізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ саяхаттарды жоспарлауға ыңғайлы болу үшін event.qaztourism.kz сайтында Қазақстандағы негізгі туристік іс-шаралар күнтізбесі қолжетімді екенін еске саламыз. Платформа арқылы елімізде өтетін ауқымды іс-шаралармен танысып, оларды өткізілу күніне, өңіріне және тақырыбына қарай таңдауға болады.
Елордада өтіп жатқан жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогінің финалдық кезеңіне қатысушылар Астананың көрікті жерлерін аралап, қаланың туристік нысандарымен танысты. Спортшылар «Бәйтерек» монументін, Тәуелсіздік алаңын, Ұлттық музей және ерекше сәулетімен танымал «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын тамашалады.
Биыл Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған World Aquatics Әлем кубогінің финалдық кезеңіне әлемнің 39 елінен спортшылар қатысуда. Шетелдік спортшылардың, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің келуі оқиғалық туризмнің дамуына серпін беріп, қонақүйлерге, көлік, экскурсия және басқа да қызмет түрлеріне сұранысты арттырады.
Шетелдік қонақтар Астананың заманауи сәулетіне, қаланың көркі мен абаттандырылуына, қазақстандықтардың қонақжайлығына және еліміздің бай мәдени мұрасына ерекше тәнті болды.
Сонымен қатар спортшылар Қазақстанды әлемге танытуға өз үлесін қосып келеді. Олар әлеуметтік желілерде елімізден алған әсерімен бөлісіп, сапары туралы жақындарына әңгімелейді. Осылайша Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға кеңінен танытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың басында Туризм және спорт министрлігі алғаш рет өңірлерге туристер тартуға және оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған ірі іс-шаралардың күнтізбесін бекітті. Күнтізбе аясындағы жұмыстар, ақпараттық сүйемелдеу және өңірлермен бірлескен іс-қимыл іс-шараларға келушілер санының артуына ықпал етті.
Аталған жұмыстың оң нәтижелерін ескере отырып, Министрлік туристік іс-шаралар күнтізбесін Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарының кестесімен үйлестіру мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл бастама спорттық жарыстарды мәдени және туристік іс-шаралармен ұштастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде спортшылар мен шетелдік қонақтар жарыстарға қатысып, спорттық бәсекелерді тамашалап қана қоймай, еліміздегі мәдени іс-шараларға қатысуға, ұлттық дәстүрлерімізбен танысуға және Қазақстанның көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алады.
Атап айтқанда, 2027 жылы Қазақстанда спорттың алты түрінен әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Астанада үстел теннисі мен дзюдодан, ал Алматыда стенд атудан әлем чемпионаттары өтеді. Сондай-ақ Астанада қазақ күресінен, бокс пен таеквондодан әлем чемпионаттарын өткізу көзделген. Бұдан бөлек, елімізде УЕФА Конгресі өтеді. Бұл да халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ.
Әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізу елімізде спорттың дамуына, Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға, халықаралық беделін нығайтуға және қызмет көрсету саласының өркендеуіне де ықпал етеді.
Елордада жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогі финалдық кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған беделді халықаралық додаға әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы қатысуда. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен әлемдік рекорд иелері бар.
Жарыстың ашылу салтанатына World Aquatics халықаралық федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ отандық спорт саласының өкілдері мен су спортының мамандары қатысты.
Салтанатты рәсімде министр мұндай деңгейдегі халықаралық жарыстың елімізде алғаш рет өткізілуі Қазақстан спорты үшін маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Әлем кубогін өткізу – отандық спортты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл жарыс спортшыларымызға әлемнің үздіктерімен бәсекеге түсіп, құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Турнир жас спортшыларға тың серпін беріп, мыңдаған баланы жүзу спортымен айналысуға ынталандырады деп сенемін. Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы халықтар мен мәдениеттерді байланыстырған. Бүгінде сол тарихи жол бізді спорт, достық және адал бәсеке арқылы қайта тоғыстырып отыр», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
15-17 қазан күндері елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтетін жарыс Баку, Ташкент және Астана қалаларын қамтитын Silk Road халықаралық сериясының шешуші кезеңі саналады. Турнир World Aquatics ұйымының ресми жарыстар күнтізбесіне енгізілген.
Әлем кубогінің бағдарламасында еркін стиль, брасс, баттерфляй және шалқалай жүзуден 50, 100 және 200 метрлік қашықтықтарда жарыстар өтеді. Сонымен қатар спортшылар 100 және 200 метрге кешенді жүзу мен эстафеталық сайыстарда өзара мықтыны анықтайды.