
Спорттық гимнастика: Дохада (Қатар) өткен Әлем кубогі кезеңінде отандастарымыз үш медаль жеңіп алды. Милад Карими керме және еркін жаттығуда топ жарса, Нариман Құрбанов ат снарядында қола медаль иеленді.
Әуесқой бокс: Әзірбайжан астанасы Бакуде ұйымдастырылған «Жібек жолы» халықаралық турнирінде Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы 4 алтын, 2 күміс, 12 қола жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ Ресейде өткен турнирде отандастарымыз 2 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль еншіледі.
Үстел теннисі: Алан Құрманғалиев үстел теннисінен Францияның Мец қаласында өткен халықаралық WTT Youth Star Contender Metz турнирінде топ жарды.
Шахмат: Грекияда өткен рапидтен юниорлар арасындағы әлем біріншілігінде отандық шахматшылар 6 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды.
Велотрек: Гонконг қаласында (ҚХР) велотректен өткен Hong Kong International Track Cup халықаралық турнирінде ұлттық құрама спортшысы Рамис Дінмұхаметов омниум бағдарламасында мәре сызығын бірінші болып кесіп, алтыннан алқа тақты.
Каратэ: Мысыр астанасы Каирдегі Премьер-лига бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды.
Ат спорты: Ташкент қаласында (Өзбекстан) өткен Әлем кубогі кезеңінде ұлттық құрама спортшысы Ксения Баталова екі күміс жүлде олжалады.
Көркем гимнастика: Бакуде (Әзірбайжан) мәресіне жеткен Әлем кубогінде Қазақстан құрамасы 5 лента жаттығуында 21.850 ұпай жинап, қола жүлде еншіледі.