
Бүгін, 10 қыркүйекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің 17-ші кездесуі видеоконференция форматында өтті. Аталған отырысқа ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Имамович Норов мырза, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Н.М. Дәуешов, Үндістан Республикасының Мәдениет министрі Прахлад Сингх Пател мырза, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Ху Хепинг мырза, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі А.К. Жаманқұлов, Пәкістан Ислам Республикасының Мәдениет министрі Наушин Джавид Амджад ханым, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Н.П. Овсиенко, Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрі Зульфия Давлат Давлатзода ханым, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Ахмадович Назарбеков мырза қатысты.
Аталған отырысты Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі жүргізді.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлері достық рәуіште және өзара түсіністік пен сенім жағдайында, өткен кезеңдегі мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастықты дамыту тақырыбы көтерілді. Ұйымға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің өткен кездесулері аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ коронавирустық пандемия кезінде мәдени мекемелерді қолдау мәселелерін талқылады.
Тараптар мәдениеттің рөлін және оның пандемия жағдайында халықты қолдаудағы оң әсерін атап өтті.
Халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту, мәдениеттердің алуан түрлілігін сақтау және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер халықтарының мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы білімді тарату мақсатында тараптар кино, театр, кітапхана және музей ісі саласындағы бірлескен онлайн-жобаларды жасауға қызығушылықтарын растады.
Министрлер Ұйымның құрылғанының 20 жылдығын мерекелеу аясында 2021 жылы ШЫҰ мәдениеті жылын жариялау идеясын құптады, бұл ШЫҰ шеңберінде мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға деген ұмтылысты көрсетеді.
Жиынға қатысушылар мәдениет саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесін кеңейту қажеттілігіне сенім білдірді және бақылаушы мемлекеттермен және мәдениет пен өнер саласындағы ШЫҰ диалогындағы серіктестермен екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты одан әрі жақсарту тұрғысында пікір алмасты.
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастырып келеді.
Отырысқа қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің келесі кездесуін 2021 жылы өткізуге келісті. Кездесудің нақты күндері мен орны дипломатиялық арналар арқылы ШЫҰ Хатшылығымен келісіледі.
Министрлер мәдениет саласындағы өзара іс-қимылдың барлық кешенін одан әрі дамыту эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауынан туындаған қиындықтарға қарамастан, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын дамытуға, түсіністікті кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.