
Елімізде іскерлік туризмді дамытудың әлеуеті зор. Бұл бағытта да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Конгресстер мен конференциялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз ынтымақтастық орнатылып, жыл сайын елімізге іс-шара тарту үшін тиісті өтініштер ұсынылуда.
«Соңғы үш жылда Қазақстан халықаралық деңгейдегі 21 іс-шараны қабылдады, ал 2025 жылы тағы 5 ірі халықаралық іс-шара өткізу жоспарлануда», - деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің Туризм саласындағы жүйелі шараларды жүзеге асыру басқармасының басшысы Нұрбол Байжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Оның мәліметінше, былтыр Қазақстанда 5 мыңнан астам шетелдік делегаттың қатысуымен 14 халықаралық оқиға өтті. Орта есеппен алғанда, олардың әрқайсысы шамамен 4000 АҚШ долларын жұмсады. Ал жалпы түскен пайда 20,7 млн доллардан асты. Бұл қаражатқа ұшу, тұру, тамақтану және басқа да қызметтерді пайдалануға жұмсалған.
@ortcom_kz #CCS