«Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты республикалық әдістемелік онлайн семинар өтеді

«Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты республикалық әдістемелік онлайн семинар өтеді

Ертең 10 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны»атты республикалық әдістемелік онлайн семинар өтеді.

Онлайн-семинардың мақсаты – бекітілген терминдердің қолданыс аясын кеңейту жолдары, бекітілген терминдердің құрылымындағы жүйелілік, бірізділік т.б. өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсыну.

Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту терминология саласының басты міндеті. Ол үшін терминологияны біріздендіру, терминжүйе қалыптастыру аса маңызды. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы мақұлдаған терминдердің қолданыс аясын кеңейту, сапасын арттыру мәселесі, ғылым тілін дамытудағы халықаралық және төл терминдердің арасалмағын айқындау және т.б. семинар талқылауының өзегі болмақ.

Іс-шара онлайн режимде пікірталас, сұрақ-жауап түріндеұйымдастырылады. Онлайн семинарға сала мамандары тартылды.

Жиынға филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі, Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының редакциялық және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы, «Назарбаев университеті» ДББҰ Қазақ тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы  Сарқыт Әлісжан қатысады.

Іс-шараны сала мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылық ZOOM платформасы арқылы көре алады. Қатысушылар онлайн режимде баяндамашыларға сұрақтарын қойып, тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып талқылай алады.

Қатысушыларға біліктілік сертификаттары табысталады.