Ақтоты Райымқұлова жазушы Жабал Ерғалиевті қабылдады

Ақтоты Райымқұлова жазушы Жабал  Ерғалиевті қабылдады

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жазушы Жабал Ерғалиевті қабылдады.

Кездесу барысында Жабал Ерғалиев Министрлік жүзеге асырып келе жатқан іс-шараларына ризашылығын білдіре отырып, министрге өзін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.

Ақтоты Райымқұлова театр, кино, өнер саласы, латын әліпбиіне көшу, қоғамда жəне мемлекеттік қызметте қазақ тілінің үлесін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.

«Халықтың тіл меңгеру деңгейі жыл сайын әлеуметтік сауалнама арқылы анықталады. Мəселен, 2019 жылы халықтың 90 пайызы қазақ тілін түрлі деңгейде білетіні анықталды. Бірақ халықтың 90 пайызы жаппай қазақ тілін жетік меңгерген деген пікір қалыптаспауы керек. Мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білетіндер үлесі шамамен - 55,8 пайыз. Қалғандары тілді ауызекі я болмаса тұрмыстық деңгейде біледі.

Осы көрсеткішке қол жеткізуге республика аумағындағы 99 мемлекеттік тіл оқыту орталығы мен 536 жеке меншік орталықтың қосқан үлесі зор. Тіл бағдарламасы бекітілген 2011 жылдан бастап осы орталықтарда 5 жүз мыңнан астам адам (513 624 адам) тегін қазақ тілі курстарынан өтті.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде интернеттің мүмкіндігі мол. Осы ретте қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтар tilmedia.kz, soyle.kz, tilqural.kz порталдарының мүмкіндігін кеңінен қолдана алатынын айта кеткім келеді. Сондай-ақ өткен жылы мемлекеттік мекемелер арасындағы қазақ тіліндегі құжат үлесі 94%-ға жетті»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қоса министр қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
«Өткен жылы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы мәселелерді ғалымдармен сараптауды тапсырған. Бұл ел үшін маңызды қадам болғандықтан, атқарылған жұмыстар тағы бір мәрте зерделенетін болады. Жалпы латын графикасын жетілдіру жұмыстары кезінде әліпбиді түзудің ғылыми-практикалық принциптері, халықаралық тәжірибе тиісті мамандармен зерделеніп, назарға алынды. Әліпби түзу жұмыстарымен қатар оның таңбаларының ІТ-технологияға сәйкестігіне де назарда. Осы ретте сала мамандары тарапынан қолданыстағы QWERTY пернетақтасының ұтымдылығы дәлелденді»,-деді министр.