
Бүгін Алматыда футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасының L тобындағы 2-турда Беларусь құрамасынан (1:2) ұтылды.
Алма кезек шабуылмен өткен матчтың алғашқы таймы голсыз өтті.
Ал екінші тайм басында Михал Билек шəкірттері шабуылда ширақ қимылдағанымен есепті Беларусь футболшылары ашты. 53-минутта оң қапталдан Игорь Стасевич əуелете асырған допты əріптесі Максим Бордачев торда тулатты.
Осыдан кейін қысымды күшейткен ұлттық құрама ойыншылары 62-минутта таразы басын теңестірді. Айып алаңының сыртынан Ян Вороговский тепкен допты Беларусь қақпашысы уысынан шығарып алды. Қайта серпілген допқа бірінші жеткен Абат Айымбетов есепті 1:1-ге жеткізді.
Тартысқа толы матч тағдырын қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаевтің өрескел қателігі шешіп кетті. Қазақстан құрамасы қорғаушысының алаң жиегінен лақтырған добын Виталий Лисакович қақшып алып, Стас Покатиловты алдап өтіп, бос қақпаға сырғыта салды. Қортынды есеп 1:2. Қазақстан құрамасы өз алаңында қарсыласқа жол берді.
Біздің анықтама:
Қазақстан жəне Беларусь құрамалары сонымен 4-рет кездесті. Бұған дейінгі 3 матчтың екеуінде Беларусь футболшылары ірі есеппен жеңіске жетсе, жалғыз жолдастық ойын тең аяқталған.