Әрбір Қазақстандықтың үйінің төрінде домбыра ілулі тұратын күнге жетеміз!

Әрбір Қазақстандықтың  үйінің төрінде домбыра ілулі тұратын күнге жетеміз!

Бекзат  Мұстафаев – Алматы қаласындағы «Аманат» өнер мектебінің оқытушысы, күйші, ұстаз.

Біздің анықтама: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектеп-интернатының Республикалық жас орындаушылар байқауының  3-орын жеңімпазы(2010 ж); Ресейдің Саратов қаласында өткен бүкілресейлік фортепиано курсы бойынша байқаудың «Халықтық оркестр аспаптары» номинациясының 2-орын иегері (2012 ж); «Дәстүрлі музыка өнері» домбыра мамандығы бойынша ІV Республикалық студенттер олимпиадасының 1-орын жүлдегері (2013 ж); «Дәстүрлі музыка өнері» домбыра мамандығы бойынша өткен VІІ Республикалық студенттер олимпиадасының 3-орын иегері (2016 ж).

- 7 шілде, 2019 жылы Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концертте Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Мектепте домбыра  сабағын енгізу қажет» - деп айтқаны мәлім. Ел Президентінің осы үндеуіне орай, балаларға домбыра үйретуші ұстаз ретінде, домбыра аспабының бала тәрбиесіне, оның  қалыптасуына әсер- ықпалы  туралы Сіздің ойыңыз?..

Әлбетте, осы сала маманы және кәсіби домбырашы ретінде, мектепке домбыра сабағын қосу керек деген пәрменді сөздің Ел Президенті аузынан айтылғанына, қатты қуандым. Домбыра – қазақтың төлтума қазынасы! Домбыра үйрену, күй тарту –  балалардың эстетикалық түйсік-талғамын биіктетеді, тарихи-рухани танымын тереңдетеді, ой-өрісін кеңейтіп, дамытады. Ендеше, осындай маңызы зор ұлттық құндылығымыз – домбыраны жеткіншектерге мектеп жасынан бастап сіңіру – өте орынды, әрі қажетті қадам. Рас, осыған дейін, домбыра аспабы факультатив сабағы деңгейінде, кейбір мектептерде аптасына бір рет жүргізіліп те келді. Бірақ, бұл: «баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды!..» деп, Президентіміз межелеп отырған биік мақсаттарымызға қол жеткізуге баспалдақ та бола алмайды.

Балаларымыздың барлығы дерлік кәсіби домбырашы болмаса да, әр қазақтың, әрбір Қазақстандықтың  үйінің төрінде домбыра ілулі тұратын күнге жетуіміз керек! Қазақ елінің жас өскін ұландары, кез-келген азаматтары, жүрген жерінде домбыраны қолға алып, әнін айтып, термесін толғап,  күйін шертіп, қазақтың дархан болмысын күмбірлеген қасиетті домбыра үнімен паш етіп жүрсе екен деймін. Осы бірнеше жылдық жинақтаған тәжірибемнің арқасында көзімнің жеткені, әрбір қазақ баласы домбыраны емін-еркін ойнап кете алады. Оны айтасыз, қазақтың үкілі домбырасымен шын достасып, халық әндерін, жыр-термелерін нәшіне келтіре шырқап, төгілте күй тартып жүрген өзге ұлт Отандастарымыздың қатары жыл өткен сайын көбеюде.  Демек, киелі домбыра өнерінің ел болашағының патриоттық, Отан сүйгіштік сана-сезімдерінің күшейе түсуіне игі ықпалы артатыны даусыз. Жалпы, бұл өнерде, меніңше, адамның музыкалық қабілетінен бұрын, бірінші кезекте, домбыраға деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі, құлшыныс-ұмтылысы шешуші фактор бола алады...

Қазіргі уақытта мектеп оқушылары арасында домбыра аспабына деген қызығушылықтары артып келеді. Бүгінде домбырамен ән салып, күй тартып, танымал болып жүрген жас талант оқушылар да аз емес. Сондықтан, Президентіміздің осы нұсқауын негіз ете отырып, неғұрлым тездетіп домбыра  сабағын мектеп оқу бағдарламасына енгізген жөн дер едім.

- Бекзат Дәуренұлы,  бүкіл  әлемдік пандемия салдарынан барша деңгейдегі оқу орындары амалсыз көшкен қашықтықтан оқыту жүйесі – музыкадан дәріс беру саласына қалай енуде? Бұл жүйеге қалай төселіп жатырсыздар?

Қазіргі таңда Мәдениет спорт министрлігінің ұйымдастыруымен "Пайдалы бос уақыт" атты жоба аясында өзіңіз сияқты ұстаздар ақ халатты абзал жандар-дәрігерлердің балаларын өнерге баулып, онлайн дәрістер өткізіп жатыр. Домбыра аспабына қызығушылар көп пе?

- Иә, бұл аты жаман індет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Осы кеселдің кесапатынан біздің еліміз де, соның ішінде, білім беру саласы да ең қиын уақытты бастан кешіріп отыр. Музыкалық мектептерге келетін болсақ, оның ішінде мамандандырылған, иә болмаса, жәй өнер мектептерінде өтілетін музыка пәндері үшін (домбыра, қобыз, баян, фортопиано, скрипка т.б.) қашықтықтан оқыту тәсілі, меніңше, өте қолайсыз әрі қиын. Мәселен, шәкірт аспапта орындауды  ұстазбен бірге отырып үйренуі шарт. Әсіресе, өнер мектебінің табалдырығын жаңа аттаған жас оқушыларға обал-ақ...

Біздің музыка өнер мектебіміз шәкірттерге дәріс берумен ғана шектелмейді. Қосымша сахна мәдениетін үйретеміз, концерттерге шығарамыз, Республикалық және Халықаралық сайыстарға да қатыстырамыз. Ал биыл, наурыз айынан басталған төтенше жағдайға байланысты, көптеген музыкалық іс-шараларымыздан қалыс қалдық. Өнер мектептерінің басым бөлігі  өз жұмыстарын тоқтатуға да мәжбүр болды. Бірақ, домбыра аспабын үйренгіміз, жалғастырғымыз келеді деген сұраныстардың  көп болуы себепті, біздің музыка өнер мектебіміз, ішінара, нотаны жақсы білетін, орындаушылық әдістерді жетік меңгерген оқушыларымызбен сабағымызды қашықтықтан оқытуды қолға алуға тәуекел еттік. Басты мақсатымыз – шәкірттердің домбыра аспабына деген қызығушылығын сөндіріп алмай, осы уақытқа дейін үйренген шығармаларын, күйлерін, әндерін естерінен шығармай, ұмыттырмай, жетектей отырып, жетілдіру.

Қашықтықтан дәріс беріп отырған ұстаз ретінде  онлайн сабақтарға жауапкершілікпен қараймын. Алғашында, оқу жүйесінің бұл форматынан қорқу сезімі  болғаны да рас. Бүгінде оқушылармен  жұмыс істеу тәсілімде өзіндік ереже қалыптастыра бастадым. Онлайн оқыту жағдайында шәкірттеріме музыкалық дәріс берумен қатар, шәкірттерімнің шеберлігін шыңдауға, техникалық дайындығына үлкен мән беремін. Бұрын-соңды қашықтықтан музыка үйрету тәжірбиесі болмағандықтан, бәрін де өз тәжірбием негізінде еңсеріп жатырмын. Әрбір онлайн сабақ өткізерде, техникалық мүмкіндік деңгейін, интернет желісінің жылдамдығын, компьютер, ноутбук  сияқты  техникалық жабдықтарының бары –жоғын анықтаймын, ескеремін.

Ал, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан көтеріліп жатқан бастаманы қуана қуаттағандардың бірімін. Дәрігерлердің балалары өте зерек, домбыра үйренуге деген ықыласы зор. Ел басына күн туған қиын сәтте халық денсаулығы жолында өздерін аямай,күндіз-түні аурумен күрес жолында ерлік көрсеткен дәрігерлер құрметке ие. Сондықтан да біз өнер адамдары  оларға барынша көмек қолымызды соза білсек, олар да алаңсыз қызметін жасай береді.

- Сіздің шәкірттеріңіз қандай балалар? Олармен қарым-қатынасыңыздағы әдебіңіз қандай? Балалар қандай шығармаларды, қалай таңдайды? Оқытудың осы онлайн тәсілі жалғаса берсе, өзіңіз түйсінген қандай қауіп бар?

-Оқушыларымның өнерге деген махаббатына, қызығушылығына риза болып отырамын. Шәкірттерімнің ой-қиялы, ерекшеліктері  әртүрлі. Сабақтың жақсы өтуінің кепілі – баланың көңіл-күйінің көтеріңкі болуына байланысты. Сабақ арасында олармен ортақ тақырыпта ой бөлісуді ұнатамын. Балалар, ауру-сырқаусыз, сау қоғамда, бұрынғыша емін-еркін жүздесіп жүргенімізді қалайды,сағынады. Бала да болса олар  өмір құндылықтарын бағалауды сезінгендей, уақыттың қадірін түсінгендей сезіледі маған. Шәкірттерімнің домбыра аспабына қатысты кез-келген сұрақтарына  барынша толыққанды жауап беруге тырысамын. Олардың үйренгісі келген күйін беруге тырысамын. Шәкірттерім әртүрлі тақырыптағы күйлерге қызығады. Олар ұлы адамдардың есіміне арналған, патриоттық, қазақ батырларына, жан-жануарларға , салт- дәстүр атауларына арналған күйлерді орындағанды жақсы көреді. Бірі тез тартылатын күйді ойнағысы келсе, екіншісі, сабырлы  күйлерге құштар. Ал, кейбіреуі, тек шертпе күйлерді ұнатады. Сондықтан, жаңа күйді таңдап алмас бұрын, оқушыларыммен  жақсылап ақылдасып аламын. Сабағымызды, көбіне, күйшілердің өмірбаяны мен күй аңызын  айтудан бастаймын. Сабақ бастала сала  шәкірттерімнің сұрауы бойынша, алғашқы 5-10 минутта, бірнеше күйдің қайырымын ойнап беремін. Күй ойнағанымда  оқушыларым  телефонның арғы жағында менімен бірге теңселіп, ұйып отырады. Ондайда ішкі дүнием тебіреніп кетеді. Әрине, бұрынғыдай  оқушыларымызбен бетпе-бет отырып сабақ өткізгенге не жетсін, шіркін?! ..

-Сұхбатыңызға рақмет!

Маржан ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ