
Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасының L тобындағы алғашқы матчта түзде Литва құрамасын (0:2) жеңді.
Төреші ысырығы шалынысымен Қазақстан құрамасы ширақ қимылдап, матч тізгінін қолға алды. 3-минутта команда капитаны Бауыржан Исламхан əуелете берген пастан кейін Бақтияр Зайнутдинов баспен гол соқты. Осылайша жуырда ғана Мəскеудің «ЦСКА» клубына ауысқан Бақтияр биылғы маусымдағы Қазақстан құрамасының алғашқы голын салды. Осыдан соң тайм соңына дейін екі құрама қанша шабуылдағанымен есеп өзгеріссіз қалды.
Ал екінші таймды литвалық футболшылар қарқынды бастады. Дегенмен айып алаңының сыртынан бағытталған бірнеше соққыны қақпашы Стас Покатилов сенімді қайтарды. Кездесудің 86-минутында Юрий Перцухты алмастырған Исламбек Қуаттың айып алаңының сыртынан шиіре тепкен добы торда тулады. Қорытынды есеп 0:2. Михал Билек шəкірттері Вильнюсте алғашқы 3 ұпайды еншіледі.
Енді Ұлттық құрама 7 қыркүйекте Ұлттар Лигасының 2-туры аясында Алматыда Беларусь құрамасымен ойнайды.