
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барды.
Министр "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жерасты қылуетін, жұма мешіті мен сегіз қырлы сағананы, белгісіз сағана мен хан мешітін қайта жаңғырту және Күлтөбе қалажұртындағы, Жеті ата қақпасына дейінгі магистралды көше мен хан ордасында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысты.
Екі жыл ішінде Күлтөбе қалажұрты мен Ескі Түркістан қаласының көне шахристан және ортағасырлық магистралды көше бойынан табылған тарихи нысандар тек Қазақстан үшін ғана емес әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық тудырып, сенсациялық жаңалыққа айналғаны белгілі.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі мен кесененің тарихи бөлмелері, Есім хан кесенесі мен сегіз қырлы сағана, белгісіз сағана және хан мешіті мен жерасты қылуеті қайта жаңғыртылды.