Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде академик Нұрлан Батпеновты еске алуға арналған көрме өтеді

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде академик Нұрлан Батпеновты еске алуға арналған көрме өтеді

Ертең, 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігіне қарасты Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан ҰҒА академигі, профессор Нұрлан Жұмағұлұлы Батпеновты еске алуға арналған көрменің ашылуы өтеді.

Көрмеге дәрігер Нұрлан Батпенов қолданған 60-тан аса бұйым қойылады. Олардың ішінде марапаттаулар, суреттер мен басқа да естелік заттары бар.

Сондай-ақ көрмеде Нұрлан Жұмағұлұлының еңбек жолы, өнегелі өмірі туралы кеңінен мағлұмат беріледі. 

Біздің анықтама:

Нұрлан Жұмағұлұлы Батпенов 1949 жылы Ақмола облысы, Балкашино ауылында дүниеге келген. Целиноград мемлекеттік медицина институтын тəмамдап, еңбек жолын Целиноград облыстық клиникалық ауруханасының травматологиялық-ортопедиялық бөлімінде дәрігер-ординатор болып бастаған. Әр жылдары Целиноград мемлекеттік медицина институтының травматология және ортопедия кафедрасының ассистенті, Ақмола медицина академиясының экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры, травматология, ортопедия кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеген. 2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Ол бар ғұмырын медицина саласына арнап, дамуына зор үлес қосқан қайраткер.

Нұрлан Жұмағұлұлы биыл 15 шілдеде 71 жасында дүниеден өтті.