Алматыда мәдениет және спорт саласының қайраткерлері марапатталды

Алматыда мәдениет және спорт саласының қайраткерлері марапатталды

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың арнайы Қаулысына сәйкес «Парасат» орденін Т.Сегізбаев атындағы «Қайрат» футбол клубының жасөспірімдер академиясының атақты футболшысы, елімізге белгілі спорт қайраткері, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Сейілда Байшақовқа және М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Геннадий Балаевқа табыстау үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласына іссапармен барды.

С.Байшақовтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында тапсырылған бұл мемлекеттік награда қос қуанышқа ұласты. Осы орайда Министр Сейілда Икрамұлының қазақ футболының дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айта келе, мерейтой иесіне мықты денсаулық, отбасына амандық тіледі.

Сондай-ақ Геннадий Балаевқа да «Парасат» орденінің иегері ретінде Мәдениет және спорт министрі Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың атынан құттықтау тілегін жеткізді.

Осы жұмыс сапары барысында А.Райымқұлова Алматыда орналасқан Министрлікке бағынысты мәдениет ұйымдарының карантиннен кейінгі ашылуына дайындық барысымен танысты. Атап айтқанда, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұжымымен, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының жасөспірімдер академиясының ұжымымен де кездесу өткізді.

Министр мәдениет және спорт нысандары коронавирус пандемиясымен күрес барысында белгіленген санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып көрермендер, оқырмандар және жанкүйерлермен қайта қауышатынына сенім білдіріп, мәдениет ұйымдарының басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев министрді 2000 жылы консерваторияға пайдалануға берілген, қазіргі таңдағы оқу орнының бас ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарының жүру барысымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.