Өркен Бисақаев Алматы қаласына ресми іс-сапармен барды

Өркен Бисақаев Алматы қаласына ресми іс-сапармен барды

21-23 тамыз аралығында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев өңірдің салалық қоғамдастықтарының басшыларымен кездесулер өткізу мақсатында Алматы қаласына ресми іс-сапармен барды.

Кездесудің басты тақырыбы – 2020-2021 қысқы маусымға дайындық пен ұлттық парктерде экотуризмді дамыту мәселелері болды.

Жиынды  Өркен Серікқалиұлы ашып, қазіргі күрделі жағдайда нарықты шоғырландыру және бизнес пен мемлекет арасында сындарлы диалог құру қажеттігін атап өтті.

Шымбұлақ тау курортын таныстыру барысында компанияның бас директоры Ринат Әбдірахманов туроператорлармен бірге жинақталған ұсыныстарды қалыптастыруға ерекше назар аудара отырып, туристік қауымдастықтар басшыларымен курортты одан әрі дамытуды талқылады.

Анықтама: статистикаға сәйкес, тау шаңғысымен айналысатын турист демалыс үшін күніне орташа есеппен 250$ жұмсайды, ал салыстыру үшін жағажай туристі тек 50$ жұмсайды.

Кездесуді ұйымдастырушылар карантиндік шаралар алынып тасталғаннан кейін курорт жұмысының қайта жандануымен сұраныстың артқанын атап өтті. Сондықтан кездесудің екінші бөлімі толығымен экотуризм және туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды.

Кездесу қорытындысына сәйкес, Еуразиялық туризм қауымдастығы мен Ұлттық курорт қауымдастығының басшылары Рысты Қарабаева мен Саягүл Қайыргелдина Қазақстан Республикасында медициналық, санаторлық-курорттық туризмді дамыту және ілгерілету, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциясымен ауырғандарды оңалту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Аталған келісім шеңберінде қауымдастықтар «Қазақстан туризмі – Қазақстан дәрігерлеріне» акциясын құру бастамасын ұсынды. Бұл акция ел ішінде медицина қызметкерлерін оңалту және саяхат бойынша іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бұл шара пандемия кезінде медицина қызметкерлерін қолдауға ғана емес, сонымен қатар туроператорлардың, орналастыру орындарының, гидтердің және өзгелердің қызметін қолдау арқылы жұмыс орындарын сақтай отырып, ішкі туризмді ынталандырады деп күтілуде.