
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің іссапары Алматы қаласында жалғасты. Ол министрлікке қарасты мекемелердің жаңа оқу жылына жас спортшыларды қабылдау науқанымен танысып, дайындықтарын көріп қайтты.
Вице-министр "Шаңырақ" шағын ауданындағы олимпиадалық спорт мектебі, Республикалық спорт колледжі, Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде болып, карантин жағдайында емтихан тапсыру барысы қалай өтіп жатқанымен танысты.
Сонымен қатар, ол ағымдағы жөндеу жұмыстарының қарқынын бағамдап, оқу орындардың жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады.
Вице-министр әр колледждің заман талабына сай жабдықталуына аса мән берді, спортзалдардағы татамилердің сапасынан бастап, сыныптарда интерактивті тақталар, компьютерлер, оқуға қажетті құрал-жабдықтардың болуы аса маңызды екендігін жеткізді.