
Белгілі театр және кинорежиссері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Досымғалиұлы Теменов мемлекетаралық "Достастық жұлдыздары" сыйлығымен марапатталды.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова режиссерді марапатымен құттықтап, Қазақстанның халық артисіне шығармашылық табыс тіледі.
Талғат Досымғалиұлы осынау қуанышты жаңалыққа ризашылығын білдіріп, барша қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтып, шетелде қазақ киноөнерін таныстыруға әркез дайын екендігін жеткізді.
Айта кетейік, режиссер Талғат Теменов көрермендердің сүйікті туындысына айналған бірқатар фильм мен театрлық қойылымдарды дүниеге әкелді. Т.Теменов дайындап, жарыққа шығарған дүниелер қоғамдық резонансқа, көрермендер мен кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болған. Атап айтқанда "Адамдар арасындағы бөлтірік", "Қызғыш құс", "Махаббат бекеті", "Шаңырақ" сияқты фильмдер бар. Ол сондай-ақ "Көшпенділер" халықаралық киножобасының тең режиссері.
Естеріңізге сала кетейік, әр жылдары дарынды режиссер мәдениет және білім беру саласында жауапты қызметтер атқарған. Ол Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының көркемдік жетекшісі, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры қызметтерінде болған.
Талғат Досымғалиұлы "Құрмет"," Парасат "ордендерімен марапатталған, "Алтын Адам" және "Жыл адамы" ұлттық сыйлығының лауреаты.