Ақтоты Райымқұлова азаматтарды  қабылдады

Ақтоты Райымқұлова азаматтарды  қабылдады

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова азаматтарды ZOOM платформасы арқылы онлайн қабылдады.

Министр еліміздің 10 азаматының мәдениет, спорт, туризм, тіл саясаты саласы бойынша келіп түскен сауалына жауап берді.

А.Райымқұлова Қазақстан Республикасының «Лотерея және лотерея қызметі туралы» Заңын негізге ала отырып Сердалы Қожахметтің халықаралық онлайн лотерея ұйымдастыру туралы сұрағына жауап берді. 

Қарағанды облысының С.Сейфулин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері Мекен Қисықовқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын беру туралы сауалға байланысты министр аталған атақты беру туралы шешім биыл қыркүйекке жоспарланған Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия отырысында қаралатынын, оң шешімін тапқан жағдайда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы мемлекеттік комиссияға жолданатынын жеткізді.

Сол сияқты Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ринат Мусиннің жеке сұрағына да толық жауап берді.

Осыдан кейін Ботакөз Ділдабекова, Мадина Қарынбаева, Ботакөз Садвакасова мен Аманат Назарқұлдың ұсыныс, сауалдарын тыңдады.

Сонымен қатар министр «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына қатысты дизель отынын, суды және электр энергиясын үнемдеу туралы Аманбек Тілемісовтің сауалына жауап бере келе  Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық іс-қимыл бюросы Алматы қаласы бойынша департаментінің 2017 жылы 15-29 желтоқсан аралығында киностудияға жүргізген тексеріс жұмыстарының нәтижесін жеткізді.

Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова «Арт-Мирай» жеке қорының жетекшісі Әсел Имайоның Конституция күніне орай Altyn Art – 2020 ІІІ Қазақстан композиторлар байқауы жеңімпаздарының бағдарламасымен «Altyn Art – 2020» концертін ұйымдастыру туралы ұсынысы Министрлікте қаралғанын және 2020-2023 жылға арналған бағдарламалық қаржы бекітіліп қойғандықтан аталған концерт республикалық бюджеттен қаржыландырылмайтынын айтты.

Ал Гүлназ Аяпованың қазақ қаламгер қыздарының бұған дейінгі қолжазбаларын, архивтерін жинастыра отырып «Қазақтың қаламгер қыздары» атты антология жасап шығу, оны тек кітап қана емес, электронды және аудио платформа ретінде оқырманға ұсыну, қаламгер қыздардың шығармашылығын кеңінен насихаттау үшін сайт ашу, жас қаламгер қыздардың форумын өткізіп, белгілі қаламгер қыздар атындағы бір реттік грант тағайындау жайында сауал қойған болатын. Министр қазіргі таңда бюджеттік бағдарламаның осы жылға бөлінген қаражаты бекітіліп қойғанын, сондықтан «Қазақтың қаламгер қыздары» атты антологияның дайын қолжазбаларын 2021 жылға жоспарлауды ұсынды.