«Қашықтан оқып, тіл үйрен!» акциясы аясында онлайн сабақтар өткізіліп келеді

«Қашықтан оқып, тіл үйрен!» акциясы аясында онлайн сабақтар өткізіліп келеді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл cаясаты комитеті Қазақстан Республикасы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының үйлестіруімен республикадағы Тілдерді оқыту орталықтары еліміздегі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік тіл және басқа да тілдерді қашықтан оқыту шарасын бастаған болатын.Онлайн сабақтар осы жылдың 10 шілдесі  күні басталып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Фейсбук желісіндегі ONLINEda bol  парақшасында көрсетіліп келеді.

Іс-шараның мақсаты – ересек азаматтарға мемлекеттік және ағылшын, орыс тілдерін онлайн режимінде интернет мүмкіндіктерін пайдалана отырып, инновациялық әдістермен оқыту және өзара тәжірибе алмасу. 

Бүгінгі таңда еліміздің 17 облыс орталығы республика деңгейінде «Қашықтан оқып, тіл үйрен!» акциясы аясында қашықтан білім беруде. Іс-шара аясында тіл үйреніп жатқандар қатарында мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлері, бюджеттік сала қызметкерлері, облыстық этномәдени бірлестіктерінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру саласының қызметкерлері, медицина саласы қызметкерлері, сондай-ақ жеке тұлғалар бар.

Әрбір жергілікті жердің байланыс мүмкіндігі ескеріліп, ынта білдірушінің ыңғайына қарай таңдау еркі қарастырылған. ZOOM, WhatsАpp, Skype, Google Classroom,Тelegram, Instagram платформалары арқылы тікелей онлайн сабаққа қатысып, сабақ жазбасын алу мүмкіндігі де  қарастырылған. Тілді өз еркімен үйренгісі келетін азаматтарға арналған Tilqural.kz сайты да істейді.

Мемлекеттік тілден 115 оқытушы  7446  тыңдаушыны, орыс тілінен 14 оқытушы 791 тыңдаушыны, ағылшын тілінен 49 оқытушы 2572 тыңдаушыны алдын-ала бекітілген сабақ кестесі бойынша оқытып жатыр.

Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша заманауи талаптарға сай, сапалы сабақ жүргізуде.

Онлайн режимдегі сабаққа сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер белсенді қатысып, үш тілді меңгеруде.

Қазіргі уақытта Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары акция аясында сабақтарын жүргізіп жатыр.

Қалған облыстар қыркүйек айынан бастап «Қашықтан оқып, тіл үйрен!»  акциясы аясында онлайн сабақтарды жалғастырады.