Сәкен Мұсайбеков футболдан ел чемпионатын өткізуге арналған нысандардың дайындығын тексерді

Сәкен Мұсайбеков футболдан ел чемпионатын өткізуге арналған нысандардың дайындығын тексерді

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин мен Қазақстан кәсіби футбол лигасының жетекшісі Олжас Абраев футболдан ел чемпионатын өткізуге арналған нысандардың дайындығын тексерді.

Тексеру барысында футбол стадиондарының ойындарды қабылдауға дайындығы мен санитария-эпидемиология талаптарына сай келуі қаралды. Сонымен қатар футболшылардың жатын орны, яғни бірнеше қонақ үй де тексерістен өтті.

Вице-министр тексеру кезінде өзі байқаған бірнеше кемшілікті атап өтіп, ескерту жасады. Нəтижесінде тиісті шаралар қолға алынып, кемшіліктер дер кезінде түзетілді.

Сонымен қоса Сəкен Мұсайбеков бүгінгі таңда мемлекеттік органдар бекіткен санитария-эпидемиология талаптары қатаң сақталуы керектігін айтты.

Анықтама: Алдағы уақытта футболдан Қазақстан чемпионатының барлық ойындары көрерменсіз өтеді. Сондай-ақ əр ойынға қызмет ететін қызметкерлер саны 20-дан аспауы тиіс. Ойындарды өткізу үшін арнайы талаптар хаттамасы жасалған.

Аталған хаттамаға сәйкес, футболшылар ойын алдында тұрақты тест тапсырып тұрады. Матч болатын стадиондарда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Бапкерлер құрамы, алаң жиегіндегі ойыншылар мен клубтағы өзге де мамандар ара-қашықтықты сақтауы керек. Əр команда тек өзінің жеке автобусын пайдаланады.

Ал біріншіліктің барлық ойыны «Қазспорт» телеарнасының эфирінен көрсетіледі.