
ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сі 4-5 тамызында Қазақстан Республикасының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалар Жас кітапханашыларының II Cлетін өткізді,-деп хабарлайды ЗНААРК РММ баспасөз қызметі.
Слет, «Біз сәттілікті таңдаймыз!» деген ұранмен «Жастар және Абайдың рухани құндылықтары» тақырыбында онлайн режимде Zoom платформасында өтті.
ҚР зағип жандарға арналған арнайы кітапханалар Жас кітапханашыларының II Cлетінің мақсаты – жас мамандарымыздың шығармашылық жетістіктерін айқындау; дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіріп, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру, әрі, еліміздің рухани бірлігін нығайту; кітапханалық қызмет көрсетуде, жұмыстың заманауи онлайн әдістерін кеңінен насихаттай отырып, кітапхана мен қызметкерлердің имиджін нығайту. Сонымен қоса, еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бедерлі-нүктелі қаріптегі басылымдардың шектеулі шығарылуы жағдайында, қол жетімді форматтағы басылымдарды шығаруда зағиптерге арналған арнайы кітапханалардың қызметіне назар аударып, жас мамандарға кәсіби топтық жұмыс жайын талдап, біліктіліктерін арттыру. Қазіргі COVID-19 індеті кезеңінде оқырмандар мен қызметкерлерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры – Асхат Байұзақов конференция жұмысын ашып, Абай Құнанбайұлының адамзаттың рухани қазынасына қосқан өлшеусіз үлесіне ерекше тоқталып өтті. Іс-шараның кіріспе бөлімінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер ісі департаментінің директорының орынбасары, Мақсат Арғынбеков; М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, pHd докторы, Ертай Сұлтан; РФ, Новосібір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директоры –Юрий Лесневский; Санкт-Петербург мемлекеттік зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасыныңдаму бөлімінің жетекші әдіскері, Жастар кеңесінің төрағасы –Михаил Назаров; Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры, Айгүл Әбішевалар республика деңгейінде алыс-жақын шетелдік әріптестердің қатысуымен Екінші рет өткізіліп жатқан Слеттің ашылу салтанатымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Слеттің Бірінші күніне жоспарланған «Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» тақырыбындағы Халықаралық онлайн конференциясының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы арнайы кітапханалары мамандарымен қатар шетелдік әріптестер баяндама жасады. «Виртуалды кеңістіктегі Кузбасс арнайы кітапханасының - #ҮйдекөрсетілгенМәдениет» жобасына қатысуы» тақырыбындағы баяндамамен Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Кузбасс арнайы кітапханасының директоры Ирина Тихонова; «М.Х. Тухватшин атындағы Башқұрт республикалық зағиптарға арналған кітапханасының онлайн режимдегі қызметі» тақырыбында, М.Х. Тухватшин атындағы Башқұрт республикалық зағиптарға арналған кітапхана директорының орынбасары Ирина Кучербаева; «А. Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған онлайн шараларды дайындау бойынша зағиптар үшін Ресей мемлекеттік кітапханасының жұмыс формалары» баяндамасымен Зағип жандарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасының оқу залының меңгерушісі, Елена Глазова; «Кітапханалық ынтымақтастық,қазақ және орыс тілдерінде арнайы форматтағы басылымдар шығаруға ықпал етеді» -Новосібір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директорының орынбасары, Марина Копысова; «Зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана - дамудың жаңа тәсілдері мен мүмкіндіктері» -Татарстан Республикасының «Республикалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының әдістемелік-ұйымдастыру және библиография қызметі бөлімінің меңгерушісі, Гелюся Закирова; «ЗНКААРК» РММ оқырмандарына виртуалды кітапханалық қызмет көрсету кеңістігі» - «ЗНКААРК» РММ кітапханашысы, жас маман – Шахризада Отарбай; «Абай қара сөздерінің жастарға берер ғибраты» - Шымкент қалалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тифлобөлім меңгерушісі, Ербек Бакиев; «Мен таныған Абай» - Жамбыл облыстық арнайы кітапханасының библиографы, ГүлнұрҚұрақбаева; «Абайдың тұлға және қоғам дамуындағы рөлі» - Павлодар облыстық арнайы кітапханасы» КММ-сінің кітапханашысы, Роза Кулышева; «Абайдың туған елі мен жері» - Шығыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасының, қызмет көрсету секторының меңгерушісі, Елена Дементьева; «Кітапхана – жастар территориясы» - БҚО зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасының кітапханашысы, Балнұр Джумагалиева; «Жұрт біледі, күледі» Абай Құнанбайұлының Крыловтан аударған мысалдары - Семей қаласы арнайы кітапханасының кітапханашысы, Бақытжан Бейсембекова; Көкшетау қалалық арнайы кітапханасының кітапханашылары: Меруерт Құсайын мен Назгүл Дәуренбек - «Абай әлемі», «Абай - ұлт биігі» тақырыптарында, жалпы саны 14 баяндама тыңдалды.
Пленарлық отырыс соңы баяндамалар бойынша отандық және ресейлік әріптестер арасында пікірсайысқа жалғасты.
Халықаралық конференция аясында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өту, заман талабына сай онлайн режимде кітапханалық қызмет көрсету тәжірибелері талқыланды. Баяндамалардағы аталған өзекті деген мәселелерді қорытындылай келе, Слет модераторы Асхат Құсайынұлы конференция Резолюциясымен таныстырғаннан соң осынау іс-шара аясында белсенді оқырмандар мен үздік кітапханашыларды марапаттады.
Ұлы ойшыл, ақынАбай Құнанбаевтың мол мұрасын оқырмандарымызға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Ізбасары Абайдың» атты республикалық онлайн байқауының нәтижесі бойынша 7 аталымда 21 оқырманға I, II, III дәрежелі дипломдарымен онлайн марапатталып, Кітапхананың дыбыс жазу студиясында дыбыстандырылған Абай Құнанбаевтың «Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ...» MP3 форматтағы кітабы сыйға тартылды.
Сонымен қатар «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-нің еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бедерлі-нүктелі қаріптегі басылымдардың шектеулі шығарылуы жағдайында, қол жетімді форматтағы басылымдарды шығаруда, осы ерекше оқырмандарға қызмет көрсететін арнайы кітапханалардың қызметіне назар аудару мақсатында екінші рет ұйымдастырған «Брайль жүйесінде шығарылған үздік басылымдар» республикалық байқауының жүлдегерлеріI, II, III дәрежелі дипломдар және ақшалай сыйлықтармен онлайн марапатталды.
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сі РФ, Новосібір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасымен 2017 жылы Меморандумға қол қойған болатын. Слет аясында Ресей астанасы Москва қаласындағы зағип азаматтарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасы және РФ, Татарстан республикалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалары ынтымақтастықты Меморандуммен бекітсе, тағы ресейлік үш арнайы кітапхана ынтымақтастыққа ұсыныс жасады.