
17-22 қыркүйек аралығында Ханчжоу қаласында интеллектуалды мүмкіндіктері шектеулі, тірек-қимыл аппараты және көру мүшесі зақымдалған спортшылар арасында пара каратэден Азия чемпионаты өтті.
Жарысқа Қазақстан, Ирак, Иран, Үндістан, Сауд Арабиясы және Гонконг елдерінің құрама командалары қатысты.
Құрлық бәсекесінде қазақстандық пара каратэшілер 2 алтын және 2 күміс медаль иеленді.
«Қазақстан құрамасы аталмыш додаға 3 - ші рет қатысып отыр. Ката бағдарламасы бойынша өнер көрсеткен Лиза Жүсіпова мен Нұржайна Жәннетова алтыннан алқа тақса, Дидар Мұхамеджанов пен Назгүл Ізмағамбетова күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 2-ші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Сауд Арабиясы, ал үшінші орынды Иран құрамасы еншіледі. Енді спортшыларымыз қараша айында Үндістанда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының әдіскері Абай Ахметов.