Qazaqstan Ұлттық телеарнасы «Жақсылық» көркем фильмін көрсетеді

Qazaqstan Ұлттық телеарнасы «Жақсылық» көркем фильмін көрсетеді

Бүгін 19:50-де Qazaqstan ұлттық телеарнасынан Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайтын «Жақсылық» көркем фильмі көрсетіледі.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Mergen studio компаниясы түсірген даңқты балуан туралы биографиялық фильмнің тұсаукесері Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы желтоқсанда өткен болатын.

Фильм Токио Олимпиадасы қарсаңында көрерменге жол тартып, шет мемлекеттерде де көрсетіледі деп жоспарланған. Дегенмен əлемдік коронавирус пандемиясына байланысты кинотеатрлардағы көрсетілімі кейінге шегеріліп келді.

Жақсылық Үшкемпірұлы аталған көркем туындының сценарийінен бастап актерлер таңдауына дейін кеңес беріп, атсалысқан болатын. Ал Алматы қаласындағы тұсаукересіне қатысып, түсіру тобына, актерлерге алғыс айтты.

Көрсетілімнен кейін фильм туралы: «бұл фильм мен үшін емес, келешек ұрпақ үшін керек. Менің жолымды қуған олимпиада чемпиондары көп болсын деп тілеймін», - деген еді Жақсылық Үшкемпірұлы.

Айта кетейік, фильмнің қоюшы режиссері әрі сценарий авторы – Бақыт Қайырбеков, продюсері - Тасболат Мерекенов.

Жақсылық Үшкемпіровтің жастық шағы мен ер жеткен кезін Эльнар Назарқұл, Санүржан Сүлейменов және театр актері Олжас Сақ сомдады. Ал 60 жастағы спортшының рөліне Қазақстанның халық артисі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев шақырылған.

Спорттық драманың түсірілімі Өскемен, Алматы қаласы мен Алматы облысында өткен. Ал 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада сахналары Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында, Минскідегі (Беларусь Республикасы) «Динамо» стадионында түсірілді. Сонымен қатар даңқты спортшыларға арналған Олимпиада ауылын көрсету үшін түсірілімдер Беларусь еліндегі «Стайки» республикалық олимпиадалық даярлау орталығында өтті.