
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 9-11 қыркүйек аралығында Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференцияда этноспортты дамытудың түрлі аспектілері қарастырылады.
Конференция келесі бөлімдерден тұрады:
Тарих және мәдениет – түркі әлемінің көшпелі дәстүрі мен рухани байлығы; мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытудағы көшпелі мәдениет пен ұлттық спорттық дәстүрдің рөлі.
Спорт туралы ғылым – Қазақстан Республикасында және «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына» қатысушы елдерде ұлттық спорт түрлерін дамытудың жағдайы: ұлттық спорт түрлерінің тарихы мен идеологиясын қалыптастыру мәселелері, осы саланың қазіргі жай-күйін талдау.
Орталық Азия көшпенділерінің тамақтануы – өткен және қазіргі көшпенділердің тамақтануы; тамақтану мен адам микробиомасы арасындағы байланыс; сүт қышқылы бактериялары және оларды қолданудағы соңғы жетістіктер.
Конференцияның мақсаты-этноспорт және көшпелі халықтардың бай рухани мұрасындағы ғылыми зерттеулерді талқылау, сондай-ақ олардың қазіргі әлемде өзекті даму жолдарын іздеу. Бұл іс-шара көшпенділердің тарихи тәжірибесін сақтаудағы және оны болашақ ұрпаққа жеткізудегі маңызды қадам.