
Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға мәдениет саласының қызметкерлері тегін азық-түлік таратты. Аталған шара Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлектер бірлестігімен құрылған «Мөлдір» қайырымдылық қорының демеушілігімен ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, мәдениет және спорт министрлігінің бастамасына Алатау ауданының әкімдігі де қолдау білдірді.
– Барлық азық-түліктер жеткілікті мөлшерде берілді. Май, сүтімізден бастап барлық қажетті дүниелердің барлығы бар. Карантин уақытында осындай көмек бізге дер кезінде жетті. Ұйымдастырушыларға шынайы рақметімді айтамын, – дейді көпбалалы ана Алтынай Беймырзанова.
Қазіргі таңда Алатау ауданының 20 жанұясы азық-түлікпен қамтылып отыр. 25 келіні құрайтын азық-түлік қорабында ұн, шай, күріш, сұйық май және т.б өнімдер бар.
– Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы «Түлектер бірлестігінің» президенті Асанәлі Әшімов, вице-президенті Сәкен Майғазиевтің қолдауымен «Мөлдір» қайырымдылық қоры өз жұмысын атқарып келеді. Осы тұста, табысының бір бөлігін осы қорға салып отырған мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген азаматтарға алғысымды жеткізгім келеді. Мұнымен ғана шектеліп қоймай осындай қысылтаяң шақта ректорымыз Ақан Абдуалиевтың бастамасымен тағы да осындай игі шараларды жалғастыратын ойымыз бар, – дейді «Түлектер бірлестігінің» атқарушы директоры Еркебұлан Дудабаев.
«Мөлдір» қайырымдылық қорының құрылғанына 1 айдың ғана көлемі болған. Дегенмен, еріктілер осымен қайырымдылық шарасының екінші легін қолға алып отыр.
«Басты мақсат – әлемді жайлаған індеттің кезеңінде ауызбіршілігімізді танытып, мұқтаж жандарға көмек қолын созу», – дейді Е.Дудабев.