Ортағасырлық Күлтөбе қалашығы ашық аспан асты мұражайына айналады

Ортағасырлық Күлтөбе қалашығы ашық аспан асты мұражайына айналады

Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі - 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбе қалашығын қайта қалпына келтіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты 2018 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Үздіксіз жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қоқан және қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орындары, ХVІІ-ХІХғғ. тән қыш-құмыралар, басқа да түрлі құнды жәдігерлер табылған.

2019–2021 жылдарға жоспарланған археология және реставрация жұмыстары аясында көне қалашық аумағында табылған тарихи орындарды бастапқы келбетіне сай қабырғасын қалау, сондай-ақ туристердің аралап, танысуына ыңғайлы галереялық жолдар салу сияқты бірқатар іс-шаралар атқарылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалажұртына кешенді түрде археологиялық қазба, консервация және реставрация, жартылай қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Күлтөбе қалажұртында әлі де ашылмаған тарихи сырларды зерттеп, анықтау, ЮНЕСКО және ИКОМОС халықаралық сараптамалық қоғамдастығы ұсынған Күлтөбе қалажұртындағы маңызды тарихи орындарды сақтау және қалпына келтіру, археологиялық парктің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеу және әр түрлі әлеуметтік бағыттарға арналған – ғибадатханалар, үйлер, қолөнер шеберханалары және өзге де тарихи археологиялық нысандардың 3D үлгісін жасау, тарих, археология, этнография, мәдениеттану және өнертану тұрғысынан Күлтөбе қалажұртын зерттеудің әртүрлі аспектілеріне арналған монография, ғылыми жинақ, иллюстрациялық альбом және бірқатар ғылыми мақалалар форматында жарияланымдар ұйымдастыру жоспарланған.

Жобаның демеушісі - ERG компаниясы.

Айта кетейік, біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректерде Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы моңғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі.