ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ӨТКЕН АПТАДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ӨТКЕН АПТАДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

Паралимпиада-2024: R1 санатында винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден сынға түскен Еркін Ғаббасов 247.7 ұпай жинап, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Бұл – Париждегі ойындарда ел қоржынына түскен алғашқы медаль.
 
Дзюдо: Перудің Лима қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Санжар Ерұланұлы өз салмағында топ жарды. 90 кг салмақта өнер көрсеткен отандасымыз финалда украиналық Лебид Дмитроны мерзімінен бұрын жеңіп, әлем чемпионы атанды.
 
Әуесқой бокс: Жастар арасындағы «Даурия Еуразия кубогі» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасының боксшылары 1 алтын, 2 күміс, 10 қола медаль жеңіп алды.
 
Велотрек: Таиланд корольдігінде өткен велотректен Азия кубогінде Ұлттық құрама спортшысы Максим Хорошавин жекелей із кесу сайысында мәреге үшінші келіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
 
Теннис: Қазақстандық жас теннисшілер – Дамир Жалғасбай, Сәтима Төреген және Анастасия Крымкова жұптық сында 18 жасқа дейінгілер арасындағы ITF Juniors турнирлерінде үздік шықты.
 
Армрестлинг: Кишиневте (Молдова) ұйымдастырылған армрестлингтен 45-ші әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары 82 алтын, 92 күміс, 82 қола жүлдемен (барлығы 256) жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды.
 
Кәсіпқой бокс: Боксшы Садриддин Ахмедов (13-0, 11 КО) екі жылға жуық үзілістен соң рингке оралып, АҚШ-тың Санта-Инез қаласында өткен бокс кешінде америкалық Антонио Тоддты (17-10, 9 КО) бірінші раундта жеңді.
 
Джиу-джитсу: Задардағы (Хорватия) джиу-джитсуден Әлем кубогінде Қазақстан спортшылары 6 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте 2-орынға жайғасты.