
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысып, еліміздің шығу туризмі саласында атқарылып жатқан іс-шаралар барысы туралы баяндады.
Д.Рыспековтың айтуынша, биылғы жылдың 20 маусымында Түркия мен Оңтүстік Корея бағытында халықаралық әуе рейстер ашылған. Алайда, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты, Түркияға рейстер уақытша тоқтатылды.
"2020 жылғы 20 маусым мен 4 шілде аралығындағы кезеңде 622 қазақстандық турист туркомпания қызметтерін пайдаланып, Түркияда демалуға мүмкіндік алды. Осылайша, шығу туризмі саласындағы компаниялар туристерді қабылдап, оның ішінде бұрын ауыстырылған жолдамалар бойынша өз міндеттемелерін орындауға кірісті.
Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруын ескере отырып, қазіргі уақытта бірқатар елдермен әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша мәселелер қарастырылуда, оның ішінде тамыз айында Таиланд пен Грузияға рейстер ашылады",-деді комитет төрағасы.