
Премьер-Министр Олжас Бектенов 2024 жылғы XVII жазғы Паралимпиада қарсаңында Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесті.
Үкімет басшысы Паралимпиада жаттығу орталығында еліміздің спортшылары Паралимпиаданың ашылу рәсімінде салтанатты түрде алып жүретін Қазақстанның мемлекеттік туын ұлттық олимпиада құрамасына табыс етті. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтеді.
Олжас Бектенов ұлттық паралимпиада құрамасына табыс тіледі.
«Паралимпиада – бұл жай ғана спорт емес, бұл адам бойындағы қайсар рух пен шексіз ерік-жігердің шынайы көрінісі. Сіздердің жеңіске деген құштарлық, бейбіт күннің батырларына тән қаһармандық қасиеттеріңіз қандай құрметке де лайық. Миллиондаған адам жанқиярлық еңбек пен өр мінезден шабыттанып, өмірдегі қиындықтарды еңсеруді үйренеді. Бүгін өздеріңізге табыс етіп отырған көк туымыз – айбынды рухымыз бен мызғымас бірлігіміздің, жарқын жеңістің нышаны. Мемлекет басшысы әлемнің ең басты спорт сайыстарында ел намысын қорғау мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік екенін айтты. Сіздер халықаралық аренада Қазақстанды лайықты дәрежеде танытып, елімізге жоғары нәтиже, жаңа жүлдемен оралатындарыңызға сенімдіміз»,— деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Бұл жетістікке жету үшін әрқайсымыз ұзақ жолдан өттік, көптеген қиындықты еңсердік. Бірақ, соңымызда бізге сенім артқан, әр қадамымызға қолдау білдіретін тұтас ел тұрғанын білеміз. Біз аянбай күш сынасуға дайынбыз. Паралимпиадада Қазақстанның әнұраны мақтанышпен шырқалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде береміз», — деп қосты Севда Әлиева.
Елімізде паралимпиада спортын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жасалып, жаңа жабдықталған спорт кешендері ашылды. Мамандандырылған спорт дайындық орталығы, 15 спорт клубы, 3 мектеп және спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Қолдау бағдарламалары енгізіліп, жаттықтырушылар корпусы дайындалды.
Премьер-Министр ұлттық паралимпиада құрамасының екі ту ұстаушысы – Азия Паралимпиаданың жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетовке (отырып ойнайтын волейбол) және Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Әлиеваға (пара нысана көздеу) мемлекеттік туды табыс етті.
«Бүгінгі күн мен үшін ерекше маңызды. Қазақстанның көк туын осындай жоғары деңгейлі жарыстарда көтеру – үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Паралимпиада ойындарына қатысу – әрбір спортшының арманы. Біз, параспортшылар, өзіміздің ерік-жігеріміз бен күш-қуатымызды паш етіп, Қазақстанның намысын биікте ұстауға барымызды саламыз. Біздің жүрегімізде елге деген махаббат, патриоттық сезім, жеңіске деген ұмтылыс бар», — деді Берік Ізмағанбетов.
Анықтама:
2024 жылғы жазғы Паралимпиадаға 44 қазақстандық спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен, атап айтқанда, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара тхэквондо, отырып ойнайтын волейбол, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі және пара дзюдодан 33 лицензия алды. Жалпы, 1996 жылдан бүгінге дейін қазақстандықтар жазғы Паралимпиадада 7 медаль жеңіп алды.
Бауыржан Сартаев, Отырып ойнау волейболынан ҚР ұлттық құрамасының капитаны:
«Біз Парижде өтетін Паралимпиадаға қатысқалы отырмыз. Осы уақытқа дейін команда дайындық пен құраманы толықтыру бойынша көп жұмыс жүргізді. Барлық шеберлігіміз бен жинақталған тәжірибемізді осы жарыста көрсетіп биіктерді бағындырғымыз келеді».
Бауыржан Тахауов, волейболдан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері:
«Бұл біздің команданың 28 жыл дегенде жетіп отырған жетістігі. Қазақстан ұлттық құрамасы бүгінгі күні әлемде 70-тен астам команда бар, біздің отырып ойнау волейболынан әлемде 6-шы орында тұр. Азия командаларының арасында Ираннан кейін екінші орында тұрмыз.
Паралимпиадаға барлығы 8 команда қатысады, олар екі кіші топқа бөлінді. Біз бірінші ойынды Франция құрамасымен 29 тамызда, 31 тамызда Босния мен Герцеговинамен, Египет командасымен 2 қыркүйекте ойнаймыз. Біздің спортшыларымыздың дайындығы жақсы, бағы мен бабы келіп тұрса, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз».
Михаил Бурчалин - пара оқ атудан ҚР ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы:
«Пара оқ атудан 2 лицензиямыз бар. Оның бірі – ту ұстаушы Севда Әлиева және Еркін Ғаббасов. Қазір біздің олимпиадалық базада дайындық жүріп жатыр, жаттығуға жасалған жағдай да керемет. Спортшылар өте жақсы дайындалған, әрқайсысының медаль алуға деген жақсы мүмкіндігі бар».
Севда Әлиева, ҚР Паралимпиада ұлттық құрамасының ту ұстаушысы:
«Халықаралық аренада Қазақстанның туын алып шығу үлкен жауапкершілік. Отандастарымыздың бізге артқан үміті мен сенімін ақтау біздің басты мақсатымыз. Соңымызда әр қадамымызға қолдау білдіретін тұтас ел тұрғанын білеміз».
Берік Ізмағанбетов, Паралимпиада ұлттық құрамасының ту ұстаушысы:
Бүгінгі күн мен үшін ерекше маңызды. Қазақстанның көк туын осындай жоғары деңгейлі жарыстарда көтеру – үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Паралимпиадаға қатысу – әрбір спортшының арманы. Біз, параспортшылар, өзіміздің ерік-жігеріміз бен күш-қуатымызды паш етіп, Қазақстанның намысын биікте ұстауға барымызды саламыз. Біздің жүрегімізде елге деген махаббат, патриоттық сезім, жеңіске деген ұмтылыс бар