ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ МИРАС ТӨЛЕБАЕВ БҚО-ДА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ

ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ МИРАС ТӨЛЕБАЕВ БҚО-ДА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Батыс Қазақстан облысы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға спорт және туризм өкілдері қатысты.

Өңір тұрғындарымен кездесуде вице-министр министрліктің қазіргі қызметі, туризм және спорт, ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы реформалар туралы баяндады. Кездесуде вице-министр өңірдің өзіндік ерекшелігі мен әлеуеті бар бағыттарға тоқталды.

«Мемлекет басшысы туристік инфрқұрылымды дамытуға баса мән беріп келеді. Осы бағытта Батыс Қазақстан облысында бірнеше кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қазір таңда өңірде сұранысқа ие Бөкей Ордасында орналасқан «Хан Ордасы» музей-қорығына апаратын тас жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды биыл аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыста туризм саласында 2024 жылы 175 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 5 инвестициялық жобаны енгізу жоспарлануда», - деді Мирас Төлебаев.

Мемлекеттік қолдау шараларында оң динамика байқалады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдердің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 8 есеге ұлғайған.

Мысалы, былтыр шығындарды өтеу бойынша туристік қызметтің 9 нысаны мақұлданды. 2022 жылы тек бір нысан ғана қабылданған болатын. Жол бойындағы сервиске қатысты 10 өтінім, сондай-ақ 10 туристік автобус сатып алуға өтемақы мақұлданды.

Мемлекеттік қолдау шараларының тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады. Кездесу барысында барлық қатысушы азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.