
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Ақтөбе облысы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға спорт және туризм өкілдері қатысты.
Өңір тұрғындарымен кездесуде вице-министр министрліктің қазіргі қызметі, туризм және спорт, ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы реформалар туралы баяндады. Сонымен қатар жиын барысында Мирас Төлебаев Ақтөбе облысындағы туризмнің екі негізгі басым бағытына тоқталды.
«Қазіргі таңда Ақтөбе облысында туризмнің негізгі екі бағыты қарқынды дамып келеді. Біріншісі, экологиялық және агротуризм, екіншісі, мәдени-танымдық және қасиетті орындар туризмі. Экологиялық және агротуризмі орындарына Қарғалы су қоймасы, «Қасқыр» сарқырамасы, «Мылқау» ауылы, Аққұм құмдары, Ақтолағай бор таулары, Барқын құмдары және Аққайың орманы жатады. Ал мәдени-танымдық және қасиетті орындардың ішінде «Қобыланды батыр», «Абат байтақ», «Исатай батыр» және «Есет батыр» мемориалдық кешендері бар. Бұл маңызды мәдени мұра нысандары жергілікті және шетелдік туристерді тартады», - деп атап өтті вице-министрі.
Биылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Ақтөбеде қызмет көрсетілген келушілер саны 44 мың адамға жеткен. Ішкі туристер саны – 39 мың, шетелдіктер саны 5 мың адам. 2023 жылы Ақтөбе облысына келген ішкі туристер – 161,6 мың, шетелдік туристер саны 23,6 мың адамға жеткен.
Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2024 жылы өңірде 200-ден астам жұмыс орнын қамтамасыз ететін 5 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарлануда. Кездесу барысында барлық қатысушы азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.