
Ақтоты Райымқұлова XVIII халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы Жасмин Тлеумбетованы құттықтады.
"Сізді Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясындағы «ВИТЕБСК–2020» XVIII халықаралық балалар музыка байқауында екінші орын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз жас та болса дарыныңыз бен музыкаға деген құштарлығыңызды паш етіп, үлкен жобада сəтті өнер көрсеттіңіз. Осы жетістікке жетуіңізге атсалысқан Қазақ ұлттық өнер университетінің Дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты оқытушылары мен ата-анаңыздың үкілеген үмітін ақтадыңыз.
Алдағы уақытта да əн өнеріне деген талпынысыңыз артып, сахна төрінде биік белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспін.
Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық қажымас қайрат, шығармашылық шабыт тілеймін!",-деп жазылған құттықтау хатында.
Айта кетейік, осы жылдың 16-19 шілде аралығында Беларусь Республикасында өткен «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясындағы «ВИТЕБСК–2020» XVIII халықаралық Балалар музыкалық байқауында Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының» 6-сынып оқушысы Жасмин Тлеумбетова жүлделі екінші орынды иеленді.
Жас әнші заманауи өңдеудегі «Арман-ай» халық әні мен Тина Тернердің «The Best» әнін орындап қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Жасминнің ұстаздары: ҚазҰӨУ «Эстрада өнері» ПЦК «Саксафон» сыныбының мұғалімі Аринов Азамат пен «До’STAR» заманауи вокал мектебінің оқытушылары Бахыт Тажинов пен Гульмира Сеит.
Байқаудың мақсаты - жасөспірімдердің болашаққа деген талпынысын арттыру, үлкен сахнаға жол ашуға септігін тигізу.