Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Сыртқы Істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне АҚШ-тан мәдени құндылықтарымыз қайтарылды.
Келіссөздер нәтижесінде 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдени орталығының (Астана қ.) қорынан ғылыми зерттеулер жүргізу үшін АҚШ-қа жіберілген Ботай мәдениетінінің остеологиялық коллекциялары елге оралды. Зерттеу жұмыстарын Жаратылыс тарихы музейінің профессоры, Канзас Университеті Биоалуантүрлілік институтының археология бөлімінің аға кураторы, доктор Сандра Олсен жүргізген.
Коллекция 2000-2004 жж. Ақмола облысының аумағындағы Васильковка және Красный Яр қорымдарында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған Ботай мәдениетіне жататын 528 археологиялық заттардан тұрады.
Ботай мәдениеті – ж.с.д. 3700-3100 жж. Қазақстанның солтүстігінде (Ақмола облысы) энеолит дәуірінің археологиялық мәдениеті. Ботай мәдениетімен қазіргі Қазақстан территориясында 5,5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйрету үдерісі байланысты.