
Париж Олимпиадасының алғашқы жүлдесін жеңіп алған мерген Ислам Сәтпаев пен Александра Ле жарыстан кейін сұхбат берді.
Ислам Сәтпаев: «Көңіл-күйім керемет. Бұл мен қатысып жатқан алғашқы олимпия ойындары және қола медаль алдым. Тамаша емес пе?!».
«Мен бұл спортқа келгенде Олимпиадаға қатысуды, онда ең үздік нәтиже көрсетуді армандадым. Бұл менің мақсатым, мен осыған сендім. Егер бар күшімді салсам жеңіске жететінімді білемін. Бүгін мен үшін сондай қуанышты күн. Жүлдемді мойныма таққанша асығып тұрмын»,-деді Александра Ле.
Айта кетейік, Ислам мен Александра былтыр Ханчжоуда жұптық сында қола жүлдеге қол жеткізген. Ислам лицензияны былтыр Бакудағы әлем чемпионатында, Александра Азия чемпионатында алған. Екеуі алғаш рет Олимпиадаға қатысып жатыр.
Қола жүлде үшін Қазақстан мен Германия командасы арасындағы тартыс 17-5 есебімен аяқталды.