
Халықаралық Паралимпиада комитеті Қазақстанның халықаралық аренада сәтті өнер көрсетуін ескере отырып, еліміздің пара жеңіл атлеттеріне Париж-2024 ойындарына қатысуға үш квота бөлді.
Белгіленген үш квотаның бірін 2023 жылы пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Дастан Мұқашбеков иеленді. Қалған екі квота ұлттық құрамадағы бір әйелге және бір ер адамға бөлінді.
«Жаттықтырушылар штабы мен Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлық орталығы қызметкерлерінің шешімімен қалған екі квота кімге берілетіндігі анықталады. Таңдау кезінде спортшылардың әлемдік рейтингі, олардың соңғы жетістіктері мен спорттық дайындығы ескерілетін болады», - деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлық орталығының команда бастығы Мәулен Нәсіпқали.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Паралимпиадаға спорттың 8 түрінен 16 лицензиясы бар. Олардың ішінде: пара пауэрлифтинг (1), пара жеңіл атлетика (3), пара жүзу (4), волейболды отырып ойнау (1), пара үстел теннисі (1), пара таеквондо (3), пара каноэ (2) және пара оқ ату (1).
Биылғы Паралимпиада 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтеді.
Жарыста 23 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы ойналады.