
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінгі таңда баршамызды лудомания мәселесі алаңдатып отыр. Бұл қатер еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне кесірін тигізуде.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бұл мәселені шешуді тапсырды. Осыған орай жақын арада ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік бақылауды қатаңдатуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданады.
Түзетулерді талқылауға азаматтық қоғам өкілдері де түрлі форматтарда белсенді қатысуда.
Осылайша үстіміздегі жылғы мамырда «Әділдік жолы» республикалық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов мемлекеттік және әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салу жөнінде петицияға бастамашылық жасады. Петиция авторының пікірінше, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы құмар ойындар сыбайлас жемқорлық себептерінің бірі болып отыр.
Петиция қысқа уақыт ішінде қажетті 50 мың қол жинап, 2024 жылғы 11 маусымда Туризм және спорт министрлігінің (Министрлік) қарауына келіп түсті.
Әкімшілік заңнама талаптарына сәйкес Министрлік жұмыс тобын құрды, оның құрамына петиция авторы, Парламент депутаттары, қоғам белсенділері, мемлекеттік органдардың өкілдері енді.
Жұмыс тобының екі отырысы өтті. Олардың қорытындылары бойынша қатысушылар өтінішті қолдап, Министрліктің оң шешімінің жобасын мақұлдады.
Азаматтардың ыңғайлығы үшін отырыстар Youtube-те тікелей эфирде көрсетілді.
Петицияда көтерілген мәселелерді Парламентте талқыланып жатқан Ойын бизнесі және лотерея мәселелері бойынша Заң жобасы шеңберінде шешу көзделген. Құмар ойындар мен спорттық бәс тігуге қатысқандары үшін мемлекеттік аппарат өкілдері мен әскери қызметкерлер жауапкершілікке тартылатын болады, соның ішінде теріс себептермен жұмыстан босатылады.
Бүгінгі күнге дейін шешім жобасы Министрліктің сайтында және танымал әлеуметтік желілерде жарияланды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде мен петицияны толықтай қанағаттандыратын шешімге қол қойдым. Бүгін жауап ресми түрде авторға жолданды.
Бұл Үкімет тарапынан қолдау тапқан тұңғыш петиция екенін атап өту қажет. Осылайша, біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімділігіне куә болып отырмыз. Азаматтарымыз маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға тікелей қатысып отыр.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, петиция авторына және оған қол қойған қазақстандықтарға Ойын бизнесі және лотерея мәселелері бойынша Заң жобасын қабылдауға қосымша серпін берген азаматтық ұстанымдары үшін алғысымды білдіремін.
Е. Маржықпаев